07.10.2025 15:22

Каннаваро Өзбекстанды жетістікке жеткізе ме?

07.10.2025 15:22

Өзбекстан құрамасының бапкер таңдау эпопеясы ақыры аяқталды. Тізгінді Йоахим Лөв те, Паулу Бенту де емес, италиялық Фабио Каннаваро ұстады.

Құдіретті органдар араласқан

Өзбекстанды өз тарихында тұңғыш рет мундиальға шығарып, одан бұрын осы елдің жастар құрамасын олимпиадада жетелеген Тимур Кападзе көптен бері жар жиегінде қалғандай еді. Федерацияның (аса құдіретті органдардың деп оқыңыз) өкілдері жаңа бапкерді шетелден іздеуге ашықтан-ашық кірісіп кеткенде, Кападзе алдымен дағдарды, сосын, Абай атамызша айтқанда, «ет жүрексіз ернінің сөзін айтты», яғни «мен қандай шешім болса да құрметтеймін» деді. Артынан ашуын жасыра алмады.

– «Шынымды айтсам, не болып жатқанын өзім де түсінбеймін. Сіздер сияқты, мен де бұл ақпаратты әлеужелілерден көрдім. Өзбек футбол қауымдастығынан ешкім маған ешқандай жаңалық айтқан жоқ. Маған басқа біреуді шақыратыны, қандай да бір өзгеріс болатыны туралы ештеңе демеді. Мен алдыма қойылған міндетті орындадым. Енді не болатынын уақыт көрсетеді. Бұйырса, жұмысты жалғастырамыз, бұйырмаса – демек, тағдыр бізді жасқа жолмен жетелейді»,– деді ол.

Шындығында, кеше әріптесіміз Владимир Жарков таратқан ақпарат бойынша, шаруаның бәрі Кападзенің сыртынан тындырылып жатқан. Яғни жақында ғана Орталық Азия кубогының финалында Иранды тізе бүктірсе де (1:0), Кападзе уақытша ғана тізгінші ретінде қарастырылған. Даңқты төреші Раушан Ирматов басқаратын Өзбекстан футбол қауымдастығы бұл мәселеде сырттап қалып, Өзбекстан билігі мен ФИФА арасындағы үйлестіруші міндетінде ғана қалған сияқты. Демек, аса құдіретті органдар (күштік құрылымдар да бар) алдымен Лөвке құрық тастап көрген. Неміс бапкері біраз үзілістен кейін бапкерлік ғұмырын жалғастыруға құмбыл болғанмен, үйдегі жеңгей үзілді-кесілді қарсы болған сияқты.

Одан кейін португалиялық Паулу Бенту қарастырылған. Тамыз айының соңында ол Ташкентке келіп, жеке келісімшарт мәселесін талқылады. Алайда келісе алмады. Содан кейін Фабио Каннаваро кандидатурасы «су бетіне» шықты. Бұл маманның даңқы футболшы кезінде қатты аспандады. Тіпті ол футболдан қол үзгелі 15 жыл болса да, 2006 жылғы әлем чемпионатындағы ерлігі әлі күнге айтылады. Шындығында, ұлы футболшыдан ұлы бапкер шығуы қиын. Франц Бекккенбауэр, Марио Загало, Дидье Дешам деп бірнеше саусақты ғана бүгуіміз мүмкін. Бұл тұрғыда Каннавароға қойылатын талап өте үлкен.

Ал Кападзе осы италиялық маманның көмекшісі болып бекитін сияқты. Оның бай тәжірибесі ұлттық құрамаға әле де керек. Кападзе сырқаттанып қалған Сречко Катанецті биылғы қаңтарда өте жақсы алмастырды. Қырғызстанды (1:0), Қатарды (3:0) жеңіп, Иранмен (2:2) және БАӘ-мен (0:0) тең ойнады. Сөйтіп, өз тарихында тұңғыш рет біздің көрші елдің бас командасын әлем чемпионатының финалдық кезеңіне шығарды.

Қарға бойлы қаһарман

2006 жылғы әлем чемпионатының жартылай финалы. Италия алаң иелерімен қырқысып жатыр. Негізгі уақыт тең аяқталды да, екі үздік ұжым қосымша таймдарға жүгінді.

Біздің ойымызша, футболдағы ең ұлы сәттердің бірі, бірі емес, екеуі дәл осы кезде болды. 119 минутта Андреа Пирло ғажайып паспен Фабио Гроссоның алдына доп салып берді. «Сәл шыдасақ, пенальти тебісеміз» деп сүйегіндегі соңғы майын сарқып ойнап жүрген жігіттердің бір тобы аспан құлағандай дағдарды, енді бір тобы керемет рухтанып кетті. Төреші әні-міні ысқырады деп тұрғанда Германия құрамасы ақырғы шабуылға аттанды. Айып алаңына бойы 197 сантиметрлік қорғаушы Пер Мертезакер еніп, әуелеген допқа секіргенде, оның дәл жанынан бойы 22 см кем Фабио Каннаваро пайда бола кетті. Сөйтіп, қарға бойлы қорғаушы допқа бұрын жетті де, алға серпіді. Онымен тынған жоқ. Орайсыз көтерілген допты жерге бір түсіріп алып икемге көндірмек болған Лукас Подольскиден тағы қағып үлгерді. Одан әрі – классикалық жүріс, қорғаушымен бетпе-бет қалған Альберто Джилардино және оның Алессандро Дель Пьероға сиқырлы пасы – 2:0. Кейін осы эпизодты неше рет қайталап көрдік, сонда Каннавароның түйсігіне таңғалып, бас шайқаудан басқа амалымыз қалған жоқ. Одан әрі Италия құрамасы финалда Францияны жеңді, Каннаваро капитан ретінде Әлем кубогын көкке көтерді, жыл соңында әлемнің үздік футболшысы атанды.

Айта кету керек, Фабио – әлем үздігі атанған соңғы қорғаушы. Міне, 20 жылға жуықтады, ондай марапатқа басқа ешбір қорғаушы ие бола алатын емес.

2010 жылы Каннаваро алаңдағы ғұмырына нүкте қойып, бапкерлікке бет бұрды. Оларды «Марчелло Липпи шәкірттері» деп атайды, сондықтан 2006 жылғы әлем чемпиондары арасынан Андреа Пирло, Фабио Каннаваро, Фабио Гроссо, Филиппо Индзаги, Дженнаро Гаттузо, Альберто Джилардино және Алессандро Неста сияқты тұлғалар жаттықтырушылық жолына түсуін кездейсоқтық дей алмаймыз. Әрине, әзірше ешқайсысы Липпи-ұстаз сияқты бас айналдырарлық жетістікке жеткен жоқ, жаңа футболдың жаршылары ретінде жаман танылып та жүрген жоқ.

Каннаваро футболмен БАӘ-де қоштасып, өзі ойнаған «Әл-Ахли» командасында бапкер ассистенті болып жаңа ғұмырын бастады. «Гуанчжоу Эвергранд» (Қытай), «Әл-Наср» (Сауд Арабиясы), қайтадан «Гуанчжоу», «Тяньцзинь Цюаньцзянь» (Қытай) командаларын жаттықтырды, арасында Қытай құрамасын да аз уақыт баптады. Одан кейін отанына оралып, В сериясындағы «Беневентоны», А серсиясындағы «Удинезені» тізгіндеді. Өткен жылдың соңы мен биылғы жылдың басында Загребтің «Динамосына» келіп, чемпиондық жарыста дәрменсіздік танытты.

Былай қарағанда, Каннаваро айшылық жерге ат жіберіп алдыра қоятындай бапкер емес. Оның үстіне жаттықтырушы ретінде сұрайтын сомасы да қомақты: Өзбекстан құрамасында ол жылына 4 миллион еуро көлемінде табыс табады. Және жалғыз да емес, түгелдей бапкерлік штабымен келеді. Әзірше оның келісімшарт мерзімі – 1+4. Яғни өзбек ағайындар Фабионың әлем чемпионатындағы нәтижесіне қатты қарайды. Ұнап жатса, тағы 4 жылға созады.

Бір қарағанда, бұл үлкен тәуекел сияқты. «Гуанчжоу» командасымен бір рет чемпиондық титулға қол жеткізген, «Удинезені» А сериясында сақтап қалған, «Динамоның» неше жылдық үстемдігінен кейін Хорватия чемпионатының ең жоғарғы тұғырына жеткізе алмаған маман Өзбекстан құрамасын тарихындағы тұңғыш мундиальда мықты нәтижеге сүйрей ала ма? Өзбекстан футбол қауымдастығы (мүдделі органдар мен тұлғалар деп оқыңыз) Азия футболын тәуір білетін, ойыншы ретінде де, жаттықтырушы ретінде де беделі мен сесі бар адамға бекер тоқтап отырмаған шығар.

Ең бастысы, Өзбекстан құрамасының 2026 жылғы әлем чемпионатындағы ойыны Орта Азия футболының да беделі болмақ.

Каннаваро қандай тактика ұстанады?

С.Катанец те, Т.Кападзе де үш орталық қорғаушы және өте ұшқыр қапталдарды пайдалануды қолай көрді. Ұлттық құраманың негізі болып саналатын осы қорғаныс шебін жаңа бапкер де бұза қоймайтын секілді.

Қақпада Түркістан облысы Сайрам ауданының тумасы Өткір Юсупов нөмірін бірінші болып саналады. Дегенмен соңғы матчтарда (Орталық Азия кубогында) оны Абдулвахид Нематов пен Батыралы Ерғашев та алмастырды. Қалай дегенде де, Өзбекстанда мықты қақпашылардан кемдік жоқ. Каннавароның өзі де кезіндегі Джанлуиджи Буффон сияқты қақпашы іздейтініне күмән жоқ.

Қорғаныс шебі. Жаңа бапкер үш орталық қорғаушыны да қалауынша таңдай алады. «МанСити» ойыншысы Әбдіқадір Хусанов, тәжірибелі Фаррух Сайфиев («Нефтчи»), Рустам Ашурматов («Естеглал», Иран) іріктеу кезеңін бір деммен өткізді. Кейінгі кездері Шерзад Насруллаев пен Әлібек Давронов («Насаф»), Ділшад Комилов («Қызылқұм») құрамға батыл кіріктіріле бастады. Түркияда ойнайтын Хуснуддин Әліқұловты да («Чайкур Ризеспор») санаттан шығарып тастауға болмайды.

Қорғаныстың оң қанатындағы Қажыәкбар Әлижонов («Пахтакор») өте ұшқыр. Оны кейде Сайфиев алмастырып тұрады. Қажет болса, Хусанов та осы позицияны жаба алады. Сол қапталда Әзизбек Тұрғанбаев, Абдулла Абдуллаев, бізге таныс Ибрагимхалил Юлдашев бар.

Жартылай қорғаныс. Өзбекстан құрамасының орталық жартылай қорғанысында (тұтқауылдар) Әділжан Хамрабеков, Атабек Шүкіров, Әбдірауф Бөриев, Диор Халматовтардың бәсі басым. Акмал Мозговой, Русланбек Жиянов, Ойбек Базаровтар да кез келген сәтте көмекке дайын.

Шаубылдың қос қапталына Жалолиддин Машарипов, Аббасбек Файзуллаев, Жәмшид Искендіров, Остан Ұрынов, Әзизжан Ғаниев, Хожимат Еркінов, Әлішер Әділов арасынан еркін таңдау жасауға болады. Бұл ойыншылардың кейбірі (Ұрынов, Файзуллаев, Еркінов) ойынды ұйымдастырушы ретінде ортада да өздерін еркін сезінеді.

Шабуыл. Өзбекстан құрамасының алғы шебінде Еуропа мойындаған Елдар Шамұрадов бар. Ресейдің премьер-лигасын, Италияның А сериясын шулатқан серке қазір Түркияда («Ыстамбұл Башакшеһирде») ойнайды. Оған балама ретінде біздің «Тобылдың» намысын қорғаған Игорь Сергеев қарастырылады. Хұсайын Норчаев те жастар құрамасынан енді жоғарылап келеді. Қазақстандық жанкүйерлерге көзтаныс Бабыр Әбдіхалықов пен Жасурбек Яхшыбаев (экс-«Ордабасы») құрамаға көп тұрақтай алған жоқ. Дегенмен оларды да санаттан сызып тастауға болмайды.

Қысқаша айтқанда, Каннаваро асықпай жүріп таңдайтын футболшылар жетеді. Ол 5-2-2-1 нұсқасын да, 4-3-3 нұсқасын да қалауынша іске жарата алуы ықтимал.

Қалай дегенде де, Өзбекстан құрамасының әрбір қадамы біздің назарымызда болады. Каннаваро былтыр күзде Қазақстан құрамасының бас бапкері ретінде де қарастырылды деген сөз шығып қалған. Бірақ нақтыланбады.

Жалпы, бұл лауазым Каннавароның алдағы бапкерлік ғұмырына я зор серпін, я нүкте қоярлық ауыр орын болуы да ғажап емес. Өйткені әлем чемпионатында көзге түскен бапкер ары қарай өзін 5 немесе 10 жылға жұмыспен еркін қамтамасыз етіп қойды десек те болады (Брюно Метсю, Бора Милутинович, Марсело Бьелса, т.б. мысалдарын ұмытпайық).

Немесе керісінше. Азияның ешкім білмейтін құрамаларын тізгіндеп, жақсы жалақы алып, өмірдің қызығын кешіп, еш амбициясыз жүре беруге де жол ашық.

Есей Жеңісұлы

Есей Жеңісұлы

Есей Жеңісұлы

InstagramInstagram