06.10.2025 21:05
Нұрмахан Мұқанұлы: жанкүйерлер мен ойыншылар Кападзенің қалғанын қалайды
06.10.2025 21:05
Нұрмахан Мұқанұлы soqqy.kz сайтына берген сұхбатында Өзбекстан құрамасына Фабио Каннавароның тағайындалуына қатысты пікір білдірді
– Өзбекстанның жаңа бапкеріне байланысты ойыңыз қандай және халқы қалай қабылдады?
– Фабио Каннаваро ресми түрде Өзбекстан құрамасының бас бапкері атанды. Осыған дейін бірнеше үміткер ұсынылып, келіссөз де жүргізілген. Өзбекстанда өткен ардагерлер арасындағы матчта Каннаваро «ақ қасқырларды» тізгіндеуге байланысты қойылған сұраққа күліп қана жауап берген еді. Сол енді шындыққа айналды.
Осы аптада оның қомақты жалақысына қатысты сыбыстар тарап, Өзбекстандағы блогерлер тарапынан наразалық болды. Сондай-ақ бапкер ретінде тәжірибесінің аздығы, бұл жолдағы мансабының сәтсіз өрбуі де жиі қозғалды. Бірақ түбі ресми тағайындалды және өзімен бірге италиялық үш бапкерді де ала келді.
Тимур Кападзе Каннаваролармен бірге жүр және баспасөз мәслихатында қатар отыр. Демек, негізгі көмекшілерінің бірі болатын секілді.
Құрамаға жақын блогерлер Фабиоға мүмкіндік беру керегін көп айтып жатыр. Ал жанкүйерлер Кападзенің қалғанын қалайды.
Кейбір журналистердің хабарлауынша, Каннаваро Өзбекстан құрамасына тәртіп орнату үшін тағайындалыпты. Сондай-ақ медиа бойынша септігі тиеді деген ойда. Әлем Фабионың нәтижесін бақылау арқылы Өзбекстан құрамасын да назарда ұстайды және құрама жайлы ақпарат жиілейді деген үмітте.
– Федерация Кападзеге сенім артамыз деп отырып, неліктен бапкер ауыстырды және неге дәл Каннавароны таңдады?
– Әлем чемпионатына шыққан кезден-ақ Өзбекстан футбол қауымдастығы шетелдік бапкер іздеуге кірісті. Йоахим Лев, Фатих Терим және Паулу Бенту секілді бапкерлерді қарастырған еді. Сондықтан олар басында-ақ Кападзені Әлем чемпионатына апаратын бапкер ретінде көрмеген сияқты.
Ал Каннавароны тәжірибесі мен беделі үшін тағайындады. Сонымен қатар, құрамаға ерекше назар түсетініне, ойыншылардың Фабиоға өзін көрсетуге тырысатынына да мән берді.
– Жаңа бапкерге құрама ойыншыларының пікірі қандай болды?
– Футболшылардың басым бөлігі Кападземен жұмыс істеу ыңғайлы екенін және қалғанын қалайтындарын айтып жатыр. Жалпы өзбек ойыншылары басшылықты тыңдайды және бұл шешіммен келіседі. Өйткені бәрінің Әлем чемпионатына барғысы келеді.
– Ал Каннавароның бапкер ретінде тәжірибесінің нашарлығы алаңдатпады ма?
– Ол мәселені тек жанкүйерлер мен блогерлер ашық айтып жатыр. Қалғандары – үнсіз.
Естеріңізге сала кетсек, Өзбекстан құрамасы тарихында алғаш рет Әлем чемпионатына жолдама алған еді. Енді АҚШ, Канада және Мексикада өтетін ӘЧ-2026 додасында бақ сынайды.