19.09.2025 16:59
ESPN: Чемпиондар лигасындағы 21 жасқа дейінгі таланттар
19.09.2025 16:59
Чемпиондар лигасы қайта оралды. Оған қоса жанкүйерге ерекше әсер қалдырғысы келетін 21 жасқа дейінгі небір талант бар. Мысалы, «Ливерпульдегі» Рио Нгумоха (17 жас), «Арсеналдағы» 15 жасар Макс Доуман сынды жастарға әлі де шыңдала түсу керек. Бұдан басқа Франко Мастануоно мен Дин Хейсеннің қомақты қаржыға басқа клубқа ауысқаны күллі Еуропаға аян. Сонымен, ESPN басылымы жариялаған осы аламанда жарқ етуі мүмкін U21-ге дейінгі жас таланттар жайында мәлімет ұсынамыз. Аталғандар осы еурокубокте білгенінен жаңылмаудың жолын іздейді.
Василие Аджич («Ювентус») , 19 жас
Черногориялық таланттың «Будучност» клубында басталған карьерасы скауттарды назарын аудартқан. Оның «Ювентуспен» келісімшартқа қол қойғанына жарты жылдан асты. Содан бері Стеван Йоветичтан кейін Балқан түбегінен шыққан талантты ойыншы атағын арқалап жүр. Бірақ оны жанкүйер көптен бері алаңнан таппай жүрген. Бірақ өткен сенбідегі Италия дербиінде бәрі өзгеріп сала берді. Қосалқы құрамнан шығып, өтем уақытта 30 метр қашықтықтан жеңіс голын соқты.
Аджич – техника тұрғысынан шебер әрі үйлестіруші. Алаңды оқи алады, доппен жүріп ұрымтал тұсты іздеуі де тамаша. Ол қарсыластың қорғанысын бұза-жара өтіп, мүлтіксіз соққы бағыттайтын сәтті күтеді. Небәрі 19 жаста болғанына қарамастан техникасы мен ойынды сезіну қабілеті болашақта оның А сериясындағы ең үздік жартылай қорғаушының бірі атануға мүмкіндік береді.
Джоб Беллингем («Боррусия Д»), 19 жас
Беллингем ағасынан үлгі алып, биыл шамамен 30 млн еуроға «Сандерлендтен» Дортмундтың «Боруссиясына» ауысты. Дегенмен жаңа клубтағы мансабы сәтті басталған жоқ. Себебі әкесі клуб басшылығымен сөзге келіп, біраз әуреге салғаны бар. Десе де, 21 жасқа дейінгі Англия құрамасының ойыншысы Чемпионшип пен Чемпиондар лигасы арасындағы деңгей айырмасын біледі. Сол үшін барын салуға бел буған. Оның Клубтар арасындағы әлем чемпионатындағы өнері де көпке ұнады.
Джоб атақты ағасына қарағанда бойшаң да, қарымды көрінеді. Оның кең адымы, табандылығы мен ортадағы сабырлы ойыны допты қарсылас қорғанысынан шашау шығармай алып өтуге көмектеседі. Оған қоса айып алаңына дер кезінде жетіп, гол соғатын мүмкіндік туғызады. Бірақ ол әлі де қорғаныста сақ ойнау мен шешім қабылдау дағдысын толық меңгермеді. Дегенмен «Дортмунд» сапында дамуға ынтасы зор әрі еурокубок аламанына дайын екені көрініп-ақ тұр.
Марк Берналь («Барселона»), 18 жас
«Барселона» Ла Масиядан аты аңызға айналған жартылай қорғаушы Серхио Бускетстің орнын басар ойыншы іздеп жүргені белгілі. Мәселен, Берналь осы осы орынға лайық кандидаттың бірі. 18 жастағы ойыншы өткен маусымда испан чемпионатында үш рет негізгі құраммен алаңға шықты. Бірақ 27 тамызда жарақат алып, 383 күннен соң қайта оралды.
190 см бойы бар Бернальді алаңда байқамау мүмкін емес. Сонымен қоса өзіне сенімді, позициясында да еркін көсіледі. «Алтыншы нөмір» рөлінде ойынға көрік беріп, допты жылдам игеріп, қорғаныстағы бос кеңістікті дер кезінде жабады. Мұның бәрі жап-жас баланың қолынан келгеніне көпшілік қайран. Бірақ Берналь ойынды үйлестіріп қана қоймай, көреген пастарымен шабуылға серпін бере алады.
Лукас Бергвалль («Тоттенхэм»), 19 жас
Бергвалль Чемпиондар лигасы сахнасына өзіне тән салқынқанды әрі сабырлы болмысымен шығуға дайын. Швед футболшысы 2024 жылы ақпанда «Юргорденнен» кетіп, «Барселонаны» емес, «Тоттенхэмді» таңдады. Сәйкесінше, ол аталған командаға жылдам бейімделді.
Жас талант ортадағы міндетті өзіне алып, қарсылас қорғанысын жарып өтетін өткір қимылының арқасында командасына темп қосады. Ол физикалық тұрғыда мығым әрі епті. Допты сенімді ұстап, алға қарай оңай жылжиды. Әрине, әлі де қорғаныстағы позициялық ойынды, қажет кезде агрессия көрсетуді үйренген жоқ. Дегенмен осы маусымда ортадағы бәсеке күшейсе де, оған жеткілікті ойын уақыты беріліп, еуроаренада толық танылуға дайын деп ойлаймыз.
Франческо Эспозито («Интер»), 20 жас
Эспозито жастарға мансабының бастапқы кезеңінде көп мүмкіндік бермейтін лигада ұрымтал тұсты ұзақ күтті. Дегенмен «Специяға» ауысып (жалға беру), өткен маусымда 17 гол соғып, В сериясындағы екінші сұрмерген атанды. Сөйтіп, биыл жазда «Интерге» оралды. Италия құрамасы сапында Эстонияға қарсы кездесуде алаңға шыққаны тағы бар.
Қозғалысы ширақ, денесі мығым Пио көптеген «ұрын тоғыздықтың» арасынан шебер техникасымен ерекшеленеді. Ол тек айып алаңында жүрумен шектелмей, оң аяғының қуатты күшімен алыс тоғыздықты дәл көздейді. Өткен маусымда оның xG (гол соғу мүмкіндігі) көрсеткішін 90 минутқа шаққанда орта есеппен 0,42 болды. Бұл нәтиже В сериясы үшін бас айналдырар көрсеткіш.
Ннамди Коллинз «Айнтрахт», 21 жас
«Франкфурт» десе Жан-Маттео Бахоя мен Джан Узун еске түсері белгілі. Десе де ішінде орталық қорғаушы Коллинзді атап өтпесе болмас. Ол өткен маусымда негізгі құрамнан ойып тұрып орын алғанымен қоймай, биыл Германия құрамасы сапында алғаш рет алаңға шықты.
Дортмунд академиясының түлегі ойын мәнерін жаңа деңгейге көтерді. Ол әуедегі талас кезінде өзінікін жібермейді әрі шабуылға көмектеседі, сондай-ақ қорғанысқа жылдам қайта оралады. Егер біреумен бетпе-бет «айқасқа» түссе, уысындағыны шығармайды. Былтыр Бундеслигада қорғаныстағы дуэльдің 74 пайызында жеңіске жеткен. Оған қоса допты қорғаныс аймағынан сауатты алып шығады.
Жорти Мокио («Аякс»), 17 жас
«Аякс» академиясының жаңа інжу-маржаны Мокио үлкен футболға бірден бас қойды. Өткен маусымда алаңға аз шықса да, сабырлы әрі сақ қиымылымен көптің көзіне түсті. Оның ойын стиліне Еуропа алыптары қызыға қарады.
Әзірге оның нақты позициясын анықтау мүмкін болмай тұр. Ортада да, қорғаныста да жүйелі ойын көрсетіп жүр. Солақай Мокионың техникасы, жылдамдығы, қысымға қарамай еркін көсілуі оны ерекшелеп тұрады. Десе де қорғаныстағы дуэльде табанды қимылдауды үйренуі керек. Соған қарамастан бойындағы талант пен әлеует оны үлкен жетістікке жетелейтіні анық.
Джанлука Престианни («Бенфика»), 19 жас
Скауттар Престианниға 2022 жылы назар аударды. Ол «Велес Сарсфилд» сапында, 17 жасқа дейінгі Арегентина құрамасы қатарында жарқырап шықты. Бірақ 9 млн еуроға «Бенфикаға» ауысқаннан кейін Еуропада айтарлықтай көзге түскен жоқ. Десе де былтыр Англия чемпионатындағы бірнеше ойын оның болашағы бар екенін көрсетті.
Ол «ондық» позициясын да, сол қапталдағы инверсиялы плеймейкер рөлін де жинақы алып шығады. Допты жылдам қабылдап, бағытын тез өзгертіп, қиып тұрып пас бергені ерекше көзге түседі. 175 см бойымен орталықта ойқастап, қарсыласына доп бермейтіні тағы бар. Қорғаныс шебін бұзып өтіп, айып алаңында командаласымен бірге комбинация құра білуі – оның басты артықшылығының бірі.
Дастан Сәтпаев, («Қайрат»), 17 жас
«Челсидің» тынбай жас таланттарды іздеуінің айқын мысалы – Сәтпаевпен келісімшартқа қол қоюы. Қазақстан чемпионатындағы «Қайрат» клубынан 4 млн еуроға ауысқан жас шабуылшы 18 жасқа толғанда «көктер» сапына қосылады. Ол осы аралықта ұлттық құрамадағы негізгі ойыншыға айналып үлгерді.
Сәтпаев жылдамдығымен, допты ұршықша иіруімен, өткір қимылымен ерекшеленеді. Оның оңнан да, солдан да соққы бағыттайтын ойын стилі де бірден көзге түседі. Қапталға оңай ойысатыны қорғаушыға айтарлықтай қиындық туғызады. Шешуші сәтте қауіпті аймаққа жетіп, шабуылға араласуы да әсерлі. Ол орталық шабуылшы бола ма, әлде инверсиялы вингер рөлінде жүре ме, оны уақыт көрсетеді.
Пауль Ваннер («ПСВ»), 19 жас
«Хайденхаймда» арендада өткізген тамаша маусымнан кейін (41 ойын, 6 гол, 6 пас) ең перспективалы жас жартылай қорғаушының біріне айналды. Соның ішінде клубтың Бундеслигада қалуына көмектескен 95 минутта асырған пасын еске түсіріңіз. Осылайша, «Бавария» академиясының түлегі өзінің бәсекеге қабілетті екенін дәлелдеді. Сондықтан «Баварияның» оны жазда 15 млн еуроға «ПСВ-ға» жіберуі оңай қабылданған шешім емесі анық. Әрине, командадағы шабуылға бейім жартылай қорғаушылар арасындағы бәсеке жоғары екені тағы бар.
Солақай Уоннер допты сенімді ұстайды, оңай жол тауып, ойынды ары қарай өрбіте біледі. Оның позицияны дұрыс таңдауы, алаңды оқи білуі 19 жастағы футболшы үшін жақсы көрсеткіш. Осы деңгейде тұрақты ойын көрсете алса, 90 минут бойы матчтың тағдырын шешетін деңгейге жетеді.