16.08.2025 15:56

«Есеп 2:2 болған кезде алаңға кімді шығарғым келгенін білсеңіздер ғой?! Диогу Жотаны…»

16.08.2025 15:56

Диогу Жота. Ерте сөнген жұлдызға тағзым етілген түн

15 тамызда «Энфилд» стадионында Англия Премьер-лигасының жаңа маусымы басталды. «Ливерпуль» – «Борнмут» кездесуі – тек футбол ойыны емес, еске алу сәті болды. «Мерсисаидтықтар» маусымды жеңіспен бастады. Бірақ бұл жеңіс жанкүйерлерге қуанышпен қатар, мұң да сыйлады.

Себебі бұл ойын – Диогу Жота мен оның туған інісі Андре Силва қайтыс болғаннан кейінгі «қызылдардың» алғашқы ресми матчы. 3 шілде күні Португалия мен Испания шекарасындағы жолда орын алған апат бүкіл әлемді дүр сілкіндірген. Диогу мен Андре көлікте қатты жылдамдықпен келе жатып, жол апатына ұшырады. Футбол әлемі бұл жаңалықты алғаш естігенде, шындыққа сенгісі келмегені рас. Бірақ кейінірек ақпаратты Португалия футбол федерациясы да, «Ливерпуль» клубы да ресми түрде хабарлады. Содан бері 1.5 айдан аса уақыт өтті. «Энфилд» Жотасыз жаңа маусымдағы матчты тамашалауға келді.

Жотаның отбасы «Ливерпуль» – «Борнмут» матчын стадионда отырып көрді. Олар көзге жас алған 50 мың жанкүйердің ортасында үнсіз отырды. Ойын басталар алдында фанаттар Диогуға арнап әсерлі перформанс ұйымдастырды. Стадиондағы әр секунд – естелікке, әр пастан кейінгі дыбыс – сағыныш сезімін сыйлады. Ол жоқ болғанымен, оның рухы әр шабуылда, әр жеңісте, әр жанкүйердің көзінде болды. Оның көмегі мерсисаидтықтарға қатты керек болды.

«Есеп 2:2 болған кезде алаңға кімді шығарғым келгенін білсеңіздер ғой?! Диогу Жотаны… Бірақ бұл мүмкін емес» – деді Арне Слот.

Диогу Жота қандай адам еді?

Диогу Жота заманауи футболдағы таңдаулы ойыншылардың бірі болған. Басты артықшылығы – әмбебаптығында еді. Жотаға оң-солы бәрібір. Екі аяғымен де гол соға береді, пасты қолмен қойғандай үлестіреді, позиция талғамайды. Ұрын тоғыздық, ондық, қос қапталда да вингер қызметін атқара береді. Орта бойлы болса да (178 см), баспен голды өндіріп салады. Прессингте де пайдалы. Джокер ретінде Клопптың біраз сенімін ақтаған.

Жотаның футболдағы алғашқы тәй-тәйі 8 жасында, 2005 жылы жасалды. Диогу футбол әліппесін жергілікті «Гондомар» клубының академиясында таныды. Кейінірек, 2013 жылы «Пасуш де Феррейра» командасының тәрбиеленушісі атанды. 2014 жылы Португалия кубогы аясында өткен «Атлетико Регуэшнеге» қарсы ойында негізгі команда сапында дебют жасады. Тұсаукесер матчында есеп ашып, көзге түсті.

2016 жылдың жазында Диего Симеоне баптайтын «Атлетико» Жотаны 4 млн еуроға сатып алды. Тараптар бес жылға жарамды келісімге қол қойғанымен, Диогу бірден «Портуға» жалға берілді. Осылайша, 2016/17 жылғы маусымды Португалиядағы клубта өткізіп, 34 ойында 12 гол соғып, 4 нәтижелі пас берді.

2017 жылдың жазында Жота ат басын Англияға бұрды. «Вулверхэмптон» сапында бір жыл жалға ойнады. Чемпионшипте өткізген ғаламат маусымнан (44 ойын, 17 гол, 5 ассист) кейін «қасқырлар» португалиялық футболшыны 14 млн еуроға сатып алды. Жота «Вулвз» сапында 131 ойын өткізіп, 44 гол соғып, 13 рет гол пасын шығарды. Команданы чемпионшиптегі көш басына жетеледі.

2020 жылдың қыркүйек айында Жота «Ливерпуль» ойыншысы атанды. Трансфер құны – 41+4 млн фунтты құрады. Мерсисайд клубына тез сіңісіп кеткенімен, жарақаттан көз ашпады. «Ливерпульде» өткізген бес маусымның тек бірінде тұрақты түрде алаңға шықты. 2021/22 жылғы АПЛ маусымында 38 турдың 35 матчында төбе көрсетті. 15 гол соғып, 4 нәтижелі пас берді. Ал қалған жылдары ескі жарақаты мазалады. «Ливерпуль» сапында 182 ойын өткізіп, 65 гол соқты. Дәл осы клубтың ойыншысы ретінде өмірден өтті...

Жота дүниеден ерте қайтты. Футболға бергенінен берері көп еді. Сұм ажал алды да кетті. Артында үш баласы мен әйелі қалды. Оның күлімдеген жүзі, алаңдағы өнері, әрбір голы жанкүйер жадында қалатыны сөзсіз. Оның құрметіне «Ливерпуль» клубы 20-нөмірді қолданыстан шығарды. Бұл – Жота есімінің мәңгілік екенін аңғартады.

Қоштасу емес, құрмет. Төрешінің ысқырығынан кейін адамдар үйлеріне тарады.

Бірақ ешкім бұл түнді ұмытпайды. Өйткені бұл жай ғана футбол емес, бұл – өмір, бұл – сағыныш, бұл – мәңгілікке айналған махаббат жыры.

Әлімжан Асқар

Әлімжан Асқар

instagramInstagram