09.10.2025 17:42

25 минутта өтіп шығатын ел: Лихтенштейн жайында не білеміз?

09.10.2025 17:42

Лихтенштейн құрамында кәсіпқойларға қарағанда әуесқойлар көп. Олардың негізгі жұмысы бар, футболды тек қосымша ермек қылады. Құрамада ойнауы үшін негізгі жұмысынан демалыс алады. «Соққы және гол» сарапшысы Есет Төлеш Қазақстанның ертеңгі қарсыласы Лихтеншейннің футболы жайында таныстыруды жөн көрді

Лихтенштейн – Австрия мен Швейцария арасында орналасқан шағын мемлекет. Халық саны 40 мыңнан сәл асады. ФИФА рейтингіне кіретін 210 құрама бар болса, Лихтенштейн 204-орында, Сейшелл мен Багам аралдарының құрамалары арасында тұр. Деңгейі осы.

Егер бос 25 минутыңыз болса, аумағы шамамен 24 шақырым болатын бүкіл Лихтенштейнді – елдің солтүстігіндегі Руггелль қаласынан Тризен тауларына дейін көлікпен жүріп өте аласыз. Астанасы Вадуцта бар болғаны бір аурухана салынған, бірақ 2014 жылдан бері онда перзентхана жоқ, сондықтан барлық әйел босану үшін шекарадан өтуге мәжбүр. Бұл елде әуежай да жоқ, ұшақпен жетемін десеңіз Швейцарияның Цюрих қаласына барасыз.

Елдің қарулы күштері де жоқ, ұлттық полицияда 125 қана қызметкері бар. Бүкіл елде тоғыз мектеп пен төрт университет ашылған.

Көлікпен жүріп-ақ аралап өтетін елдің құрамасында көп футболшы осы мемлекетте дүниеге келмеген. Лихтенштейннің Швейцариямен тығыз байланысы бар, сондықтан көлік не автобус шекарадан өткенде, ешкім бұған ерекше мән бермейді. Емін-еркін кіріп-шығып жүре береді.

Бұл шағын елде бәрі бір үлкен қала сияқты сезіледі. Бірақ ол өз ішінде бірнеше шағын қалаға бөлінген, көбінде өзінің футбол командасы бар. Мұндай көлемдегі елдің ұлттық лигасы жоғын түсінген боларсыз. Лихтенштейн Швейцариямен шектеседі, швейцариялық франкты пайдаланады және швейцариялық неміс тіліне ұқсас диалектіде сөйлейді. Сондықтан клубтары да Швейцария лигаларына барып ойнайды.

Тек клубтарға еурокубокқа қатысу мүмкіндігін беру үшін LFV өз командалары арасында Лихтенштейн кубогын ұйымдастырады. Бұл турнирдің көп дүркін жеңімпазы – «Вадуц» клубы. Бұл клуб 2022/23 жылғы маусымда Конференция лигасының топтық кезеңінде ойнаған. Алайда «Вадуц», сондай-ақ Лихтенштейннің тағы алты клубы («Бальцерс», УСВ «Эшен/Маурен», «Руггелль», «Шаан», «Тризен» және «Тризенберг») Швейцария лигасында ойнайды. Қазір «Вадуц» екінші дивизионда (Dieci Challenge League) өнер көрсетеді, ал қалған клубтар төртінші мен сегізінші дивизиондар арасында орналасқан.

Иә, Лихтенштейн өз футболымен еуропалық құрамаларды қорқыта алмайды. Бірақ 2022 жылы «Вадуцтың» Еуропа лигасы іріктеу кезеңінде веналық «Рапидті» жеңуі, ұлттық құрамасы 2006 жылғы әлем чемпионатының іріктеуінде Криштиану Роналду бастаған Португалиямен 2:2 есебімен тең түсуі бұл елдің таңғалдыра алатынын көрсетеді.

Футболды есепке алмағанда да, Лихтенштейн Олимпиада ойындарында 10 медаль жеңіп алған (бәрі де тау шаңғысы спортынан), бұл оны жан басына шаққандағы ең көп медаль иеленген ел қылып отыр. Олимпиадада екі алтын медалі бар!

Ал енді қазіргі құрамаға тоқталсақ. Екі жылдан аса уақыт бойы неміс маманы Конрад Фюнфштюк жаттықтырады. Команда соңғы рет былтыр қазандағы матчында жеңілмеген. Ұлттар лигасында Гибралтармен голсыз матч өткізді. Содан бері қатарынан сегіз матчта жеңіліп келе жатыр. Биылдыққа ірі есеппен жеңілмеген жалғыз матчы біреу ғана. Наурызда біздің Қазақстан футболшыларынан екі гол ғана өткізді. Қалғандарынан тұрақты түрде төрт-бес гол жіберіп тұрады. Биыл құрама гол соққан жоқ.

1998 жылдан бері әлем чемпионатының іріктеулеріне қатысып жүр. ӘЧ іріктеуінде жалпы 75 матч өткізіп, екі рет қана жеңді. 2006 жылғы мундиаль іріктеуінде екі рет Люксембургті жеңген.

Қазандағы матчтарға шақырту алған ойыншылардың 10-ы шетелдік төменгі лигалардың командаларында ойнайды. Алты ойыншы «Вадуцтан» келді.

Қазір жұлдызы – Саймон Люхингер, Швейцария екінші дивизионында «Брегенц» сапында ойнайды. Нарықтағы құны – 150 мың еуро. Дәл осындай сомаға бағаланған қақпашы Джастин Оспельт бар, ол Германияның төртінші дивизионында «Зиген» намысын қорғайды. Жалпы, беделді Transfermarkt порталында Лихтенштейн құрамасының алты ойыншысы ғана нақты сомамен бағаланған. Себебі көбі төменгі әуесқой лигаларда ойнап, футболды негізгі жұмысымен қатар алып жүр. Бірі сатушы, бірі почта тасушы, тағы бірі есепші, бірақ ертең бәрі де өз елі үшін ұлттық құрама футболшылары болады.

Есет Төлеш

Есет Төлеш

InstagramInstagram