10.09.2025 20:10
Жекешелендіру қандай пайда әкеледі?
10.09.2025 20:10
Елімізде төрт клуб жекеменшікке өтті. Жыл соңына дейін тағы алты команданың тағдыры шешіледі. Оған Қайрат Боранбаевтың «Қайратын» қосыңыз. Сонымен, 11 клуб жеке-дара басқаруға өтсе, ұлт футболында жаңа кезең басталуы бек мүмкін.
Төрт клуб жекешеленді
Иә, Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық құрылтайда футбол клубтарының жергілікті бюджетке сүйенбей, өзінше өмір сүру керегін айтқан. Әлемдік тәжірибе де осыны көрсеткенін, мұны тезірек жүзеге асыруды үндеген. Бұдан соң наурыз айында Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі бірқатар клубтың сатылымға шығатынын хабарлады. Олар: «Астана», «Атырау», «Ордабасы», «Тұран», «Шахтер», «Каспий». Аталған клубтардың сатылымы туралы нақты мәлімет жоқ. Кейіннен Спорт және туризм министрі 1 қазанға дейін премьер-лигадағы қалған клубтың тағдыры туралы мәлімдеме жасайды. Жалпы, жекешелендіру жайы 2030 жылға дейін созылатын сыңайлы.
Ел басшысының құрылтайдағы сөзінен соң, мамыр айында бизнесмен Ибрагим Акдрашев «Астана» клубының директорлар кеңесіне кіргені хабарланды. Бұл кісі Forbes тізімінде 52 орында тұр. 184 млн доллар капиталы бар. «Нефтестройсервис ЛТД» ЖШС иесі. Ал президенттің жолдаудағы нұсқауынан кейін, кім біледі елордалық клуб толығымен жоғарыдағы бизнесменнің қармағына өтетін болар...
Ал 8 қыркүйектегі Жолдауда мемлекет басшысы кәсіби спортты қомақты табыс әкелетін бизнес-индустрия ретінде қарастырған жөн екенін айтты. Сөйтіп, «Шахтер» футбол клубы Тимур Турловқа, «Жеңіс» клубы Михаил Ломтадзеге, «Қызылжар» клубы Сергей Канға берілді. Ал «Қайсарды» қызылордалық жас кәсіпкер, құрылыс саласының өкілі Исламғали Қозбақов алды. Сәйкесінше, Президент кәсіпкерлерге риза екенін, ұлт футболының болашағы үшін тер төгу керегін атап өтті.
Аталған бизнесмендердің клубтың әлеуетін көтеруге шамасы жетеді. Kaspi.kz технологиялық компаниясының басқарма төрағасы Михаил Ломтадзенің капиталы 3,9 млрд долларға бағаланған. Freedom Holding иесі Тимур Турловтың 7.6 млрд доллары бар. Сергей Кан энергетика саласындағы бизнесмен ретінде 222 млн доллар тапқан. Қозбақов болса, Қызылордадағы Tau Group Ltd басшысы, алайда ашық дереккөзде капиталы жайлы мәлімет жоқ. Десе де, қалталы азамат Сыр жерінде 12 млрд теңгеге заманауи футбол академиясын салмақ. Егер айтқанын орындаса, бұл ұлт футболының ертеңіне құйған инвестиция болар еді.
Бұл бизнесмендердің ішінде футбол төңірегінде жүргені – Тимур Турлов. Оның 2023 жылы ашылған жасөспірімдер лигасына бас демеуші ретінде тартылғанын білеміз. Чемпионаттың атауы да – Freedom QJ League. Турлов осы лиганың Қамқоршылар кеңесін басқарады. Жасөспірімдер тартысына екі жыл бұрын 18 жасқа дейінгі 12 команда бақ сынаса, қазір 18 өңірден 54 команда бар. Барлығы төрт турнирде 1620 қыз бен жігіт бар. байқасаңыз, елге белгілі жас футболшы Дастан Сәтпаев дәл осы лигада көзге түсіп, қошеметке ие болған-ды. Одан бөлек, қаншама таланттың танылуына үлес қосты. Турлов компаниясының инвофутболға, Даун мен аутизмі бар балалардың алаңда доп тебуіне жағдай жасап жүргенін білеміз. Биыл шілдеде ол Қарағандыда заманауи талапқа сай академия тұрғызуға 12 миллиард теңге бөлетінін мәлімдеген. Мұнда жатақхана, 3500 орынды стадион, жаттығу алаңын соғады. Оның үстіне тамыз айында облыстық футбол ассоциациясының президенті болып сайланды. Қысқасын айтқанда, ҚПЛ турнир кестесінің соңында тұрған «Шахтерге» жаңа леп әкелетініне сенеміз.
Миллиардер Михаил Ломтадзе былтыр Англияның «Уиком Уондерерс» клубының акциясын сатып алып, директорлар кеңесінің құрамына енген. Оның Blue Ocean Partners II Limited компаниясына «Уиком Уондерерс» клубы акциясының 90% тиесілі. «Уиком» клубы Англия чемпионатының үшінші дивизионында өнер көрсетеді.
Бұдан қандай пайда бар?
Білесіздер, елімізде кәсіби спортты қаржыландыруға бюджеттен 60,5 млрд теңге бөлінген. Бұл соманың 53,8 млрд-қа қысқарғаны тағы бар. Көктемде Спорт және туризм вице-министрі Серік Жарасбаев ел қазынасынан футболға бөлінетін қаржы азаятынын, ойыншы жалақысына лимит қойылатынын айтқан-ды.
Демек, футбол клубтары жекешелендірілсе қаржы тапшылығы, стадион жыры, еуроаренаға шығу жолы жеңілдеуі мүмкін. Алдымен, командалар мемлекетке салмақ салмайды. Кәсіпкерлер инвестиция тартып, маркетинг арқылы жаңа қаржы көзін табады. Үшіншіден, футболды табыс көзіне айналдырудың жолын іздейді. Билет сату, мерчандайзинг, телеқұқықтан түсетін ақша түседі. Басқару саласына келсек, кәсіби менеджмент дамиды. Клуб иесі бұған бизнес ретінде қарап, имидж бен ақша үшін сапалы жұмыс істейді. Нәтиже үшін талпынып, әр жеңіс табыс әкелерін, әр жеңіліс шығын екенін түсінеді. Соған сай инфрақұрылым әлеуетін жақсартады. Шетел тәжірибесіне жүгініп, заманауи спорт технологиясына жүгінеді. Академия жүйесі жолға қойылса, талантты балалар қатарға қосылады. Жекешелендірудің экономикаға да әсері бар. Жаңа жұмыс орны ашылып, кәсіби мамандарды жанына жинайды. Клубтың, басшының имиджін көтеру жолында қаланың бренді қалыптасады.
Алаң жайы алаңдатады
Айталық, жекешелендіру туралы естігенде жанкүйер «Жеңіс» үшін қуанды, білем. 2014-2021 жылдары «Жеңіс» клубы жабылып қалғаны есімізде. Кейін бірқатар жанашыр мен жанкүйердің арқасында қайта құрылып, 2024 жылы ҚПЛ-ге оралды. 2022, 2023 маусымда бірінші лигада ойнады. Десе де, клубтың стадионы жоқ болған соң, қала арасында көшіп-қонуға мәжбүр. 2024 жылы «Астана-Арена» жөндеуге жабылғанда, футболшылар бастапқыда Павлодар, кейін Қарағандыда доп тепті. Клубқа тиесілі Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионның құрылысы 2026 жылдың соңында бітетіні тағы бар. Биыл шілдеде «Жеңіс» пен «Жетісу» арасындағы ойын Павлодардың «Орталық» стадионында өтті. Неге «Астана Аренада» қабылдамады десеңіз, мұнда музыкалық іс-шара өткен соң, матч күнін ауыстырған. Сол үшін Михаил Ломтадзе кешенді жоспар жасап, жігерлі «Жеңісті» жаңа деңгейге көтереді деп ойлаймыз. Жігерлі дейтініміз, өз алаңы болмаса да олар талай клубты артқа тастап, Қазақстан кубогының жартылай финалына дейін жетті. Тіпті, осы жолда азулы «Астананы» шаң қаптырғаны бар.
Стадион жыры бір ғана «Жеңістің» басындағы мұң емес. Осы клубпен қатар «Елімай» да Павлодарға дейін табан тоздырып жүрді. Көкшетаудың «Оқжетпесі» 2023 жылы маусым бойы Астанаға келіп, матч өткізіп жүрді. 2024 жылы «Қарасай» стадионы реконструкцияға жабылып, «Қызылжар» клубы «Жастар» стадионына ауысты. «Астана» былтыр ҚазҰУ-дың спорткомплексі мен «Хан-Тәңірі» стадионын жағалады. Кейде «Орталық» стадионға қолқа салды. «Ордабасы» биыл маусым басында Мұңайтпасов стадионының реконструкциясына байланысты Түркістанға барып-қайтып жүрді. Жезқазғанның «Ұлытауы» маусымды «Шахтердің» алаңында өткізетіні әуелден айтылды. Ал «Жетісу» Талдықорғандағы стадион жаңа маусымға дайын болмаған соң, 5 ойынды Алматыда өткізді. «Хан-Тәңірі» стадион базасын таңдады. Былтыр да осы стадионда ойнаған. «Атырау» болса «Мұнайшы» спорткомплексіне қарап отырғанына талай жыл өтті. Бұл алаңның кейде талапқа сай келмей қалатыны тағы бар. 12 мың орынды жаңа стадион салынатыны жайлы ақпарат тарағаны рас. Бірақ құрылыстың қашан басталатыны жайлы нақты шешім жоқ.
«Қайраттың» өзі Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне шығып, Алматы билігін жаңа стадион салуға «әрең» көндірді. 35 мың орынды арена Құлжа мен Талғар тасжолының ортасында бой көтереді. Былтыр желтоқсан айында «Астана» Англияның «Челсиін» Алматыға шақырып, мұз қатқан стадионда матч өткізген-ді. Бірақ бұдан кейін де қала билігі арена турасында нақты ақпар берген жоқ. Жаңа әкім Дархан Сатыбалды «Қайраттың» қуанышына шашу шашқандай стадион құрылысы туралы мәлімдеді. Қысқанын айтқанда, жергілікті билік қимылдау үшін не еуроаренаға шығуың керек не Президент тапсырма беруі тиіс. Әйтпесе, басшылар кәсіби спортты дамытуға бас ауыртпайды.