11.09.2025 00:05

«Тоттенхэмді» 24 жыл басқарған Леви неліктен кетті?

11.09.2025 00:05

2001 жылдан бері «Тоттенхэмнің» президенті болған Дэниэл Леви жақында ресми түрде клубтан кеткен еді.

Ал бұған басты себептің бірі – басшылардың құрылымды өзгертуі. Осыған дейін билік толықтай Левидің қолында болған еді. Бірақ қазір Льюистер отбасы бәрін бөліп тастады. Атқраушы директор, директорлар кеңесі мен бас бапкер Томас Франк та белгілі бір деңгейде шешім қабылдау мүмкіндігіне ие болды.

Екіншіден, трофейдің аздығы да әсер етті. Левидің кезіндегі 24 жылда «Тоттенхэм» екі-ақ кубокқа қол жеткізді. 2008 жылы Лига кубогында топ жарса, 2025-те Еуропа лигасын алды. Сондай-ақ АПЛ-де 2019 жылдан бері тек бір рет топ-4 қатарына енді. Ал өткен маусымда антирекорд тіркеп, 17-орынға жайғасты.

Үшіншіден, жанкүйерлердің наразылығы назардан тыс қалмады. Өткен маусымдағы сәтсіздіктен кейін фанаттар Левиге қарсы шеру ұйымдастырды. Сондай-ақ оны жиі бапкер ауыстыруына байланысты да сынға алды. 2001 жылдан бері лондондықтарды 15 маман тізгіндеген, ал Томас Франк 16-шы болды.

Ал осы жазда Дэниэлдің беделі тіпті құлдырады. Өйткені клуб бірнеше трансферде сәтсіздікке ұшырып, біраз күлкіге қалды. Сонымен қатар оны сараң басшы дейтіндердің де қарасы қалың.

Левидің кезіндегі «Тоттенхэмнің» ең қымбат трансфері Хави Симонс болды. Оны «Лейпцигтен» 65 млн еуроға сатып алған еді.

Бірақ Леви Гарет Бэйл мен Харри Кейнді қомақты қаражатқа сатуымен және клубты топ-6 қатарында ұстап тұруымен де көптің есінде қалды.

Енді «Тоттенхэм» клубты жаңа жүйе арқылы басқарып, трансферлерге ақша аямайтын грандқа айналуды көздеп отыр.

Жақып Марғұлан

Жақып Марғұлан

InstagramInstagram