16.09.2025 20:20
«Спортингтің» үздігі кім?
16.09.2025 20:20
Көптен күткен еурокубок аптасы басталды. 18 қыркүйектен 19-ына қараған түні «Спортинг» өз алаңында «Қайратты» қабылдайды. Айтулы матч алдында португал клубының үздік ойыншыларына тоқталдық.
«Спортинг» УЕФА рейтиңінде 24 орында тұр. ЧЛ-дің өткен маусымында жалпы кезеңде ойнап, плей-оффқа жолдама алу үшін «Боруссия Дортмундпен» шайқасты. Нәтижесінде, Германия клубы ары қарай өтті. Десе де португалдар әлем футболына жаңа жұлдызды қосты. Виктор Дьокереш жалпы кезеңдегі сегіз матчта алты гол соғып, үздік атанды. Чемпионаттағы 33 кездесуде 39 рет қақпа торын тулатты. Өткен маусымда барлығы 54 гол соғып, Португалия мен Англияның арасын жалғады. Биыл талантты ойыншыны «Арсенал» қатарына қосып, Премьер-лигада үш гол соғып үлгерді.
Иә, Дьокереш кеткенімен «Спортинг» әлсіреп қалған жоқ. Бұдан бұрын да олар еуроаренаға Фигу, Роналду, Нани, беріде Бруну Фернандеш сияқты маржанды шығарған. Сондықтан Лиссабондағы команданың «Қайратқа» қауіп төндірер бірнеше ойыншысын атап өтеміз.
5. Осман Диоманде
Осман Диоманде – «Спортингтің» орталық қорғаушысы. «Челси» екі жыл қатарынан жас талантқа қызыққанымен, қатарына қоса алмады. Оған «Реал», «Арсенал», «Ньюкасл» да қызығушылық танытқан. Англиялық клубтың бас бапкері Мареска Диоманде туралы жылы пікір білдіріп, қорғанысқа күш қосатынын айтқан-ды. Дегенмен бағаға келісе алмады ма, жас жұлдыз «Спортингте» қала берді. 21 жастағы орталық қорғаушы несімен таңғалдырды десеңіз, былтыр 46 матчқа қатысып, 2 гол соғып, бір нәтижелі пас берді. Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі тоғыз ойынға қатысып, соңына дейін плей-оффтың тағдырын шешуге тырысты. «Штурмға» қарсы кездесуде жарақат алса да, келесі «Манчестер Ситимен» ойынға сақадай сай шықты. Қысқасын айтқанда, Руй Боржес оны отқа да, суға да салды. Айтпақшы, Диоманденің Португалияда аяғын тең басуына экс-бапкері Рубен Аморимнің де еңбегі бар.
4. Гонсалу Инасиу
«Спортингтің» тағы бір қорғаушысы бар, есімі – Гонсалу Инасиу. 24 жастағы еңбекқор ойыншыға «Реал», «Арсенал» көз тігіп, «Ливерпуль» бірнеше рет сатып алуға талпынды. Гонсалу – «Спортингтің» төлтумасы. Яғни, академиясында тәлім алып, жастар қатарында доп теуіп, 2018 жылы кәсіби келісімшартқа қол қойған. 2020 жылы Примейра-лигада дебют жасап, «Портимоненсемен» матчта тұсауы кесілді. Португалия құрамасына да U17-ден бастап өнер көрсетіп, 2023 жылы негізгі құрамға қосылып, дебют жасады. Өткен маусымда «Спортинг» сапында 42 матчқа қатысып, 6 гол соғып, 3 ассист жасады. Биыл чемпионаттағы бес кездесуде де алаңға шықты. Бас бапкер сенім артып, негізгі құрамнан тастамайтын ойыншының бірі. Сарапшылар айтқандай, «Спортинг» үшін жанын салып ойнайтын футболшы.
3. Франсишку Тринкау
Бұл есімді біраз футбол жанкүйері таниды. Кезінде атағы аспанға жетіп, «Барселонадан» бірақ шыққан-ды. 21 жасында Каталонияға аттанып, трансфер құны 30 миллион еуроға бағаланды. Алайда Испанияда карьерасы мандымай, Англияға ат басын бұрды. «Вульверхэмптонда» бір маусым доп теуіп, «Спортингке» ауысты. Келе сала клубтың көшбасшысына айналып үлгерді. Өткен маусымда жартылай қорғаушы чепионатта 34 матчта 9 гол соқты. Биыл бес ойында үш рет қақпаны дәл көздеген. Сондықтан бапкер де, жанкүйер де сеніп артатын ойыншы.
2. Педру Гонсалвеш
Гонсалвеш 2020 жылы «Фамаликаннан» «Спортингке» ауысқан. Оған дейін Испания мен Англияда ойнады. Жыл сайын қарқын қосып, португал клубының діңгегіне айналып келеді. Экс-бапкері Аморим де Педрудың талантын бағалап, «Манчестер Юнайтедке» шақырғысы келеді-ақ. Қазір «Спортинг» сапында жасындай жарқылап жүр. Өткен маусымда 20 рет алаңға шығып, 6 гол соғып, 6 нәтижелі пас берген. Биыл бес кездесуде, төрт гол соғып, үш пас берді. Сондықтан дәл осы ойыншы «Қайратқа» қауіп төндіруі мүмкін.
1.Мортен Юлманн
«Спортингтің» 26 жастағы капитаны Мортен Юлманды Лиссабонда жақсы көрмейтін жан кем де кем. Мінезді капитан жігіттеріне мотивация да береді, дұрыс емес тұсын батырып айтады. «Копенгаген» тәрбиелеген ойыншы «Адмира» мен «Леччеде» доп тепті. Өткен маусымда «Спортинг» сапында 47 матчта алаңға шығып, үш гол соқты. Биыл чемпионатта бес ойын өткізіп, бір рет «Каза Пия» қақпасын тулатқан жайы бар. Жазда Юлманн үшін «Манчестер Юнайтед» пен «Ювентус» қызыққанымен, келесім болған жоқ. Бірақ ойын мәнері мен футбол мәдениетіне қарасаң, Еуропаның белді клубында карьерасын жалғастырары анық. Әзірше «Спортингті» былтыр ЧЛ-да шыққан биігіне қайтарып, плей-оффқа шығуға тағы тер төгуі керек.