05.09.2025 02:37

Құрама Тағыберген мен Марочкинге құрмет көрсетті

05.09.2025 02:37

Солтүстік Македонияға қарсы ойыннан кейін Әли Әлиев баспасөз мәслихатында команда капитаны Асхат Тағыбергеннің ұлттық құрамадағы мансабын аяқтағанын мәлімдеген еді. Бастапқыда ашу-ызамен қабылданған шешім болар дестік. Кейіннен өзі де сұхбат беріп, жастарға орнын босатқанын айтты. Одан бұрын Александр Марочкин Лихтейнштейн жерінде құрамаға қош айтқан. Десе де, жауаптылар екі ойыншыға да қоштасу рәсімін жасамаған-ды.

Сол олқылықтың орнын толтырып, ҚФФ 4 қыркүйек күні қос футболшымен қоштасу рәсімін жасады. Салтанатты шара Қазақстан - Уэльс арасындағы ойынмен тұспа-тұс келді. Үзілісте Давид Лория, Самақ Смақов, Андрей Карпович бастаған қазақ футболының аңыздары Асхат пен Александрға естелік жейде табыстады. Көпшілік құрмет көрсетіп, ұзақ қол соғып тұрды. Мұндай әсерлі сәт әр жанкүйердің жадында қалары анық.

Капитан кетіп барады...

Иә, капитанның орны ерек. Себебі Асхат Тағыбергеннің болмысы Қазақстан құрамасымен астасып жататын. Сабырлы, біртоға Асхат құрама жігіттеріне рух беріп, шабыттандыратын. Ол 2023 жылы Ұлттар лигасының іріктеу кезеңінде Словенияға балдағын сүйретіп жеткен-ді. Оның сондағы ұжымның еңсесін көтерген әрекетін журналист Жандос Байділдә былайша суреттеген еді.

«Асхат Тағыберген - талантты, мінезді, алаңда жанкешті. Орталық жартылай қорғаушы ретінде шабуылды тежейтін және ойынды ортадан ұйымдастыра алатын қабілеті бар. Алыстан өте жақсы тебеді, оны жанкүйерге тәптіштеп айтудың өзі артық. Тек «Қайрат» сапында доп теппеді демесеңіз, «Қайсар», «Ақтөбе», «Тобыл», «Астана», «Ордабасы» сияқты еліміздің белді клубтарында ойнады. Тіпті Асхат Тағыберген капитан ретінде «Ордабасы» командасын тұңғыш рет Қазақстан чемпионы етіп, шымкенттіктерге көптен күткен трофей әперді. Асхат – мінез бен еңбектің барометрі. Байқасаңыз, Тағыберген үнемі әріптестеріне нұсқау беріп жүреді. Қай кезде шабуылға ұмтылып, қай кезде қорғанысқа қайту керегін ымдап көрсетеді. Яғни команданың ішкі балансын сақтай алатын ойыншы», – деп жазды ол Facebook парақшасында.

Дәл солай, Асхат Тағыберген Юрий Красножанның шақыртуымен 24 жасында ұлттық құрама табалдырығын аттады. Алғаш рет 2014 жылы Венгрияға қарсы жолдастық кездесуде алаңға шықты. Ал 2021 жылы Әлем чемпионатына іріктеу кезінде оған капитан болу міндеті жүктелді. Сөйтіп, Боснияға қарсы ойында жаңа мәртебесін арқалап, алға адымдады.

Осылайша арада 11 жыл өткен екен. Ұлттық құрамаға ұлттық болмысты сіңіре білген кэп 63 матч өткізіп, үш гол соққан. Дәл соққысы аз ғой деп ойладыңыз, білем. Бірақ Асхаттың

Ұлттар лигасы іріктеуінде Дания қақпасын қақырата тепкен добының жөні бөлек. Сол кәмбектен соң, команда түрленіп сала берді. Үміт оты маздап, жанкүйер біткен елдегі стадионға ағылатын болды. Құрама жейдесін киіп, «Атамекенді» шырқайтындар көбейді. Сөйтіп, даңқты жігіттің алғашқы голы ұлт футболының отын маздатты. Өзі де «журналистер қашан гол соғасың деп сұрай беретін. Осындай боларын өзім де білмедім» деді. Әрі голын әкесіне арнайтынын айтқан. Көп өтпей Сан-Мариноға тағы біреуін тоғытты.Биыл Кардиффтегі ойында Уэльске жұбаныш голын соқты. Одан бөлек, 7 рет пас бергені тағы бар.

Ұлт намысын ту еткен жігіттерге бас боп жүрген Тағыберген Солтүстік Македониямен кездесуде соңғы рет сары-көк жейдеде алаңға шықты. Өз жерімізде жеңіске жетпегені үшін ызаға булыққаны көрініп-ақ тұрды. Жанкүйер тарапынан хейт те әсер етті. Содан «құрамадағы орнымды жастарға босатамын» деп кете барды. Кейінірек сұхбатында Әділет Сәдібеков, Дастан Сәтпаев, Ғалымжан Кенжебек сияқты өрендердің барына қуанатынын айтты.

Қош, қайбір жылдары Юрий Логивиненко, Абзал Бейсебеков, Исламбек Қуат сияқты жүректі жігіттер капитан болды. Әрқайсының жолы бір басқа. Дегенмен Асхат құраманы серпілтіп, өзі сияқты аз сөйлеп, көп еңбектенуге тәрбиеледі. Жігерлендірді, жеңілсе, қайта тұруды, ұлт алдындағы міндетін орындауды үйретті. Үйретті де мінезді капитанның қалай болатынын көрсетті. Ал бүгін матчқа ұжымды Нұралы Әліп бастап шықты. Қалай ойлайсыз, Әліп Тағыбергеннің даңқты жолын жалғай ала ма?

Айзат Айдарқызы

Айзат Айдарқызы

InstagramInstagram