02.09.2025 21:47
«Қайрат» пен «Реал» арасындағы матч «Орталық» стадионда өтеді
02.09.2025 21:47
«Қайрат» Чемпиондар лигасының негізігі кезеңіндегі ойындарын қай стадионда қабылдайтыны белгілі болды. Алматылықтар билет туралы қауесетке де нүкте қойды. Ал клуб туралы ақпаратты бірінші болып тарататын белгілі telegram арна билеттің қанша тұратынын мәлімдеді.
«Орталық» стадион дайын
«Қайрат» клубының бас бапкері Рафаэль Уразбахтин бұдан бұрын «Реал Мадридке» қарсы кездесудің «Орталық» стадионда өтетінін айтқан-ды. Бірақ көпшілік «Астана арена» нұсқасын жоққа шығарған жоқ. Үкімет отырысынан соң Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов бұл сауалға нүкте қойды.
«Біз Чемпиондар лигасы аясында үйде өтетін ойындарға қызу дайындық жүргізіп жатырмыз. Алматыдағы стадион УЕФА-ның төртінші категориясына сай. Сондықтан мачты сонда өткіземіз. Бұған дейін бірнеше масштабты іс-шара өтті. Содан кейін мұндай кездесуді өткізуге инфрақұрылымның жарайтынына көз жетті. Оның үстіне «Реалмен» ойынға УЕФА тарапынан квотамен 4-5 мың турист келеді», – деді министр Ербол Мырзабосынов.
УЕФА ережесі бойынша жалпы кезеңде стадион ауыстыруға болмайды. Яғни бірнеше ойынды «Орталық» стадионда өткізіп, кейінгісін «Астана Аренада» қабылдаудың жөні жоқ. Әрине, кейбір шұғыл жағдайда кездесу орнын ауыстыруға болады. Бірақ бәрі УЕФА арқылы жүзеге асады. Мәселен, «Қайрат» 9 желтоқсанда «Олимпиакоспен», 20 қаңтарда «Брюггемен» ойнайды. Ал аталған ұйымның -15 температураға дейін матчтың «мекенжайын» өзгертпейтіні тағы бар. Естеріңізде болса, Англиядан келген «Челси» 9 градус суықта «Орталық алаңда» доп тепті. Айта кетерлігі, Алматыдағы стадион газонының астына жылыту жүйесі бар.
Билет бағасы қанша?
Билет бағасы туралы түрлі қауесет бар. Мысалы, «Қайрат» клубына жақын инсайдер, журналист Владимир Жароков билет бағасының 500 мың теңге шамасында болатынын мәлімдеген еді. Артынша клуб парақшасында алаяқтардың арбауына түсіп қалмауды, билет туралы ресми дерек команданың парақшасы мен сайтында жарық көретіні туралы айтты.
Белгілісі клуб УЕФА регламентіне сай, қонақ квотасы ретінде матч билетін 50 еуродан асыра алмайды. Яғни сырттан келетіндер билетті 31 500 теңгеден бастап сатып алады. Ал өз жанкүйерлеріне сататын билет құнын клубтың өзі қояды. Қорыта келгенде, билет бағасы турасында клуб басшылығы рөл ойнайды. Бұл турасында Туризм және спорт министрі де билет құнына әсер ете алмайтынын айтқан.
Ал жоғарыда жазған Жаркоff телеграм каналына салынған ақпараттың рас-өтірігі келесі аптада расталады. Өйткені билеттер келесі аптадан ерте сатылымға шықпайды. Естеріңізде болса, «Қайрат» – «Селтик» арасындағы ойын билеті 19 тамыз күні сатылымға шыққан-ды. Ал сол ойындағы ресми билет бағасы 5-15 мың теңге аралығында болды. Алыпсатарлар болса билетті 50-80 мың теңге көлемінде сатты. Сіз «сары-қаралар» мен «бланкос» арасындағы матч билеті қанша теңге болады деп ойлайсыз?