23.09.2025 19:23
"Қайрат" пен "Ақтөбе" тағы да айыппұл арқалады
23.09.2025 19:23
«Қайрат» пен «Ақтөбе» арасындағы матч аяқталса да, ойындағы жанкүйердің іс-әрекеті туралы шу басылмай тұр. Әлеуметтік желіде де екі клубтың қолдаушылары айтқан бейәдеп сөз қызу талқыланды. Мұндай жағдай бұдан бұрын да болды. Бірақ олар басшылықтың да, ҚФФ-ның да айтқанына «көнбей» жүр.
Сонымен, ҚФФ-ның бақылау, тәртіп және этика комитеті КПЛ-дің 23-турында Алматыда өткен «Қайрат» пен «Ақтөбе» арасындағы матчқа қатысты тергеу қорытындысын жариялады.
Комитет отырысында ойын барысында тіркелген оқиға сарапталды. Нәтижесінде, алматылық клуб матчты дұрыс ұйымдастырмағаны, қауіпсіздік талабын бұзғаны және жанкүйерлердің теріс мінез-құлқы үшін 100 АЕК (393 200 теңге) көлемінде айыппұл арқалады. Хаттамада төреші мен қарсыласқа бағытталған қорлау сөз көрсетілген, одан кейін жанкүйердің алаңға жүгіріп шығуы да қосылған.

«Ақтөбе» де жазадан құтылған жоқ. Жанкүйерлерінің әнге қосып бейәдеп сөз айтқаны үшін 60 АЕК (235 920 теңге) айыппұл төлейтін болды.
Аталған клубтар алғаш рет айыппұл арқалап тұрған жоқ. Былтыр ел чемпионатының 5 турында «Ақтөбе» алаңында өткен матчта «Қайратқа» 1,66 млн теңге (450 АЕК), «Ақтөбеге» 369 200 теңге (100 АЕК) айыппұл салынды. Сол жылы ҚПЛ-дың 22 турында екі команда қайтадан тәртіп тұзып, ақтөбелік клуб 100 АЕК, «Қайрат» болса 500 АЕК (1,8 млн) төледі. Биыл Ақтөбеде өткен матчта да қос клуб жазаланып, айыппұл төлеп, ақтөбелік ойыншы Ыдырыс Умаев бес ойынға шеттетілген-ді. Осы матчта «Қайрат» бапкері Уразбахтин де жазадан айналып өтпеді.
Ал «Қайрат» пен «Ақтөбе» 22 қыркүйек күні өткен кездесуде алған айыппұлын 17 қазанға дейін төлеп үлгеруі керек.