19.09.2025 22:40

Месси екі рет "Барселонаның" ұсынысынан бас тартқан

19.09.2025 22:40

Elnacional басылымының хабарлауынша, Лео Месси «Барселонада» не болып жатқанынан хабарсыз. АҚШ-тағы уақыт белдеуіне байланысты экс-клубының ойынын тамашалауды қойған. Ханс-Дитер Фликтің командасымен аралас-құраластығы жоқ. Өйткені командада «ПСЖ-ға» кетпей тұрып баптаған Рональд Куман жігіттерінің бірнешеуі ғана бар.

"Барса" ойыншыларымен араласпайды

Иә, Месси барда клубта Рональд Араухо, Педри Гонсалес, Френки де Йонг пен Марк-Андре тер Штеген ғана бар. Алғашқы үшеуімен сәлемі түзу болғанымен, дос-жаранға айналып үлгермеген. Басылымның жазуынша, неміс қақпашысымен жаттығу кезінде сөзге келіп, содан бері араласпайтын көрінеді.

Жоан Лапорта болса клубтың экс-ойыншысына құрмет көрсетіп, «Камп-Ноудың» ашылу салтанатына шақырмақ болған. Бірақ арена құрылысындағы «кілтипанға» байланысты рәсім кейінге қалды. Жалпы, бұл стадионның қашан ашылары белгісіз. Оның үстіне «Алтын доптың» сегіз мәрте иегері кәсіби мансабын аяқтауға жақын.

Шақырудан бас тартты

Мұнда тағы бір мәселе бары анық. Естеріңізде болса, Месси «Барселонаның» қаржы дағдарысына байланысты клубпен келісімшартын соза алмады. Осыдан кейін Лапорта пен Месси арасындағы жылы қарым-қатынасқа нүкте қойылды. Сөйтіп, Қатарда өтетін ӘЧ алдында ол «ПСЖ-ға» ауысты. Оның каталон клубымен қоштасу рәсімі күтпеген сәтте, суық атмосферада өтті. Артынша, ол клуб президентінің екі бірдей шақыруынан бас тартқан.

Олар финалдан дәмелі болған

Лапорта алғашқы шақыруын блауграналардың 125 жыл мерейтойына орай жіберген. Бұл кез 2024 жылы қараша айына тұспа-тұс келді. Осылайша, қарбалас күнтізбе үшін әлемнің үздік ойыншыларының бірі Испания сапарына аттанбады. Бір қызығы, Лапорта екінші шақыруын өткен маусымдағы ЧЛ финалымен байланыстырған. Егер финалға шыға қалса, Месси мен оның отбасына билет дайын екенін хабарлаған. Бірақ «Барселона» жартылай финалда «Интерге» жол беріп, финалдан тыс қалды. Ал басылым клуб ақтық сынға шыққан күннің өзінде Леоның баруға ниеті болмағанын жазған.

Айзат Айдарқызы

Айзат Айдарқызы

InstagramInstagram