08.09.2025 19:13
Ғалымжан Кенжебек Еуропаға қайта орала ма?
08.09.2025 19:13
Уэльске қарсы ойында алғыстың астында қалып, ал Бельгиямен кездесуде бағы шаппаған Ғалымжан Кенжебек кім?
Иә, Ғалымжан Кенжебек 4 қыркүйекте «Астана-Аренада» 65 минут бойы Уэльстің айып алаңына қауіп төндіріп, 5 соққы бағыттады. Ал Бельгия жерінде 45 минутта ештеңе істей алған жоқ.
Ғалымжан Кенжебек Тараздың тумасы, «Қайрат» академиясында тәлім алған, жастар құрамасында доп тепкен, негізгі командада ойнап, «Жеңісте» де өзін сынап көрді. «Мақтааралда» да сынға түсті. Одан кейін Кипрдің «Акиртас Хлоракис» клубына ауысып, артынша Словакияның «Кошищесінде» халықаралық тәжірибе жинады. Биыл 2 шілдеде аталған командамен келісімшартын аяқтап, «Елімайға» келіп, төрт гол соғып, екі пас үлгерді.
Оның жарқын ойыны жанкүйерді тамсандырары анық. Бапкер Андрей Карпович та оның Еуропадан тәжірибе жинап, біршама өскенін атап өткен. Тек физика деңгейінде емес, алаңды көруі мен жылдам ойлау қабілетін жетілдіргенін атап өткен. «Елімайға» келісімен-ақ өзін көрсетіп, негізгі құрамнан ойып тұрып орын алды. Клубтың лидеріне айналды.
22 жастағы жартылай қорғаушының агенті Мамука Ломидзе ойыншыға шетел клубтарының көз тігіп жатқанын жасырмады. Оның айтуынша, Ғалымжанды Словакияның мықты клубтарының бірі, одан кейін Ресейдің екі клубы қатарға қосқысы келген. Алайда футболшы қазір «Елімайға» және құрамадағы ойынына көбірек көңіл бөліп жатыр.
Агентінің айтуынша, Кенжебектің болашағы туралы шешім қазан айында қабылданады. Себебі оның семейлік клубпен келісімшарты аяқталып, еркін агент ретінде басқа командаға ауысуға мүмкіндігі туады. Инсайдерлердің жазуынша, Ғалымжан Кенжебектің өзі Еуропа немесе Түркия клубында доп тепкісі келеді. Шешім қабылдауға асықпайды. Бұған дейін футбол эксперті Әлімжан Тасболатұлы да аталған ойыншыға қатысты пікір білдірген-ді. Оның айтуынша, Кенжебек еуроаренаға шығудың қамын жасап, сол жақта көбірек тәжірибе жинау керек. Сондай-ақ жас футболшының "мені ұлттық құрамаға шақырмай қалады" деп ойламай, керісінше қанатын кең серпігені жөн екенін айтты.