19.11.2025 15:08
Халық саны Көкшетаудан да аз. Кюрасао құрамасы туралы не белгілі?
19.11.2025 15:08
Шағын ғана Кюрасао елінде қазір той. Бұл ел алғаш рет әлем чемпионатына жолдама алып, бүкіл дүние жүзін өзіне қаратты. «Соққы және гол» сайты Кюрасао жайлы қызық материал дайындады.
Кюрасао туралы не белгілі?
Кариб теңізіндегі шағын Кюрасао аралы - небәрі 155 мың тұрғыны бар ел. Халық саны Көкшетаудан да аз. Бірақ ұлттық құрама әлем чемпионатына шығып, осы шағын елді бүкіл дүние жүзі таныды. Бұл - елдің спорт тарихындағы ең үлкен жетістіктердің бірі. Енді Кюрасао әлем чемпионатына шыққан ең шағын мемлекет атанды, бұған дейінгі рекорд иесі Исландия еді. Исландиялықтар 2018 жылы әлем чемпионатына шыққан кезде де бүкіл әлем 370 мың халқы бар мемлекет мундиальға шықты деп таңғалған.
Кюрасао - Нидерланд Корольдігіне қарайтын мемлекет. Астанасы - Виллемстад, онда 136 мың адам тұрады. Яғни, халық санының 87 пайызы астанада шоғырланған.

Арал бұрын колонна болған соң халқы - негізінен бұрын Африкадан келгендер. Одан бөлек бірнеше ғасыр бұрын Нидерланд, Португалия, Испаниядан жұмыс істеп қалғандар сол жақта қоныстанып, қалып қойған.
Тарихи жетістікке қалай қол созды?
Кюрасао құрамасы ешқашан әлем чемпионатына шығып көрмеген.
Солтүстік және Орталық Америка аймағының іріктеуінде С тобына түсіп, бірінші орын алды. Гаити, Сент-Люсия, Аруба мен Барбадосты жеңіп, ұпайдан шашау шығармады. Сөйтіп, іріктеудің үшінші кезеңіне өтті. Ол жақта Ямайка, Тринидад және Тобаго мен Бермуд аралдары төртеуі бір топ құрады. Бірінші орын алғаны әлем чемпионатына шығады.
Әлем чемпионатына дейінгі жолда құрама Бермуд аралын жеңді, Тринидад және Тобагоға қарсы екі рет тең түсті және Ямайканы өз алаңында жеңіп, сырт алаңда тарихи тең нәтижеге қол жеткізді. Кингстондағы соңғы ойын өте ауыр өтті: Ямайка бірнеше рет қақпа бағанын көздеді, бір сәтте пенальти белгіленгендей болды, бірақ VAR шешімді қайта өзгертті. 0:0 - Кюрасао үшін алтынмен пара-пар болды.

Ямайкадағы матч үшін жанкүйерлерге арнайы екі чартерлік рейс ұйымдастырылды. 35 мың орындық стадионда ямайкалық жанкүйерлер басым болғанымен, Кюрасаоның көк түсті секторы әндері мен жалауларымен айқын ерекшеленіп тұрды.
Бұл матч ел үшін жай ғана ойын емес еді - ол бірнеше жылдық жұмыстың, жоспардың және сенімнің нәтижесі болды. 2000-жылдардың басынан бастап федерация шетелде ойнап жүрген, тегі Кюрасаодан шыққан футболшыларды жинай бастады.
Нидерланд мектебінің әсері
Кюрасао мен Нидерланды арасындағы тарихи байланыс құрамаға айтарлықтай ықпал етті. Қазіргі құрамда осы аралда дүниеге келген жалғыз футболшы бар. Қалғандары - Нидерландта дүниеге келгенімен, шыққан тегі арқылы Кюрасао сапында ойнауға құқылы болғандар.
Командадағы ең танымал ойыншы - бұрын «Астон Виллада» ойнаған, қазір Түркияда өнер көрсететін Леандро Бакуна. Ол - ұлттық құраманың рекордшысы. Ағасы Жуниньо Бакуна мен «Манчестер Юнайтед» академиясының түлегі Кенжи Горре де негізгі ойыншылар қатарында.
Одан бөлек, құрамада «Шеффилд Юнайтедте» өнер көрсететін Тахит Чонг, «Мидлсбро» футболшысы Сонтье Хансен, ПСВ ойыншысы Ормано Обиспо бар.

Кюрасао құрамасы бірнеше жыл бойы бір-бірін жақсы танитын, Нидерланд мектебінен өткен футболшылардан құралған. Олар өздерін жай ғана ойыншылар тобы емес, үлкен отбасы ретінде сипаттайды. Еуропада өмір сүрсе де, аралдағы тамырын үзбеген. Бұл бірлік пен кәсібилік аралдың арманын жүзеге асырып, тарихта бұрын болмаған нәтижеге жеткізді.
Дик Адвокаттың тәжірибесі
Бұл жетістіктің артында 78 жастағы әйгілі бапкер Дик Адвокат тұр. Жасына қарамастан, ол әлі де әлем футболындағы ең тәжірибелі және талапшыл мамандардың бірі. Алдағы чемпионат - оның үшінші әлемдік додасы. Бұған дейін ол Нидерланд пен Оңтүстік Кореяны әлем чемпионатына бастап барған, сондай-ақ Ресей құрамасын да жаттықтырған.

Кюрасао федерациясы оған дейін Люи ван Гал мен Берт ван Марвейк сияқты мамандармен сөйлескен еді, алайда Адвокаттың өзі ұсыныс жасап, бастама көтерген. Оның келуі команданың дайындығына да, психологиясына да үлкен өзгеріс әкелді.
Ойыншылардың айтуынша, Адвокат тәртіпті күшейтіп, команданы нәтижеге ойнауға үйреткен. Қысқа іріктеу кезеңдерінде әр ойынның финалға тең екенін ескерсек, бұл шешуші факторға айналды.