04.11.2025 16:06

Трент «Энфилдте»! «Ливерпуль» - «Реал» матчына болжам

04.11.2025 16:06

Чемпиондар лигасының төртінші турда басты текетірес атағына лайық бірнеше матч. Соның бірі «Энфилдте» өтеді. «Ливерпуль» өз алаңында «Реал Мадридті» қабылдайды. Бұл ескі таныстардың кездесуі болмақ. Ең басты жаңалық - Трент Александер-Арнольд «Энфилдте» «Ливерпульге» қарсы ойнауы мүмкін.

«Ливерпульдің» сәтсіз сериясы бітті ме?

«Қызылдар» «Астон Вилланы» 2:0 есебімен жеңіп, жеңілістер сериясын үзді. Алайда «Ливерпуль» фанаттарына ұнамайтын факт саұтаулы: команда соңғы сегіз ойының алтауында жеңіліп қалды. Қазіргі чемпион Премьер-лигада үшінші орында тұр, көш басындағы «Арсеналдан» жеті ұпайға қалып келеді.

«Қызылдардың» Чемпиондар лигасындағы нәтижесі жаман емес, бірақ «Галатасарайдан» жеңілуі жанкүйерлерді алаңдатып қойды. Чемпиондық титулға таластан шығып қалудың сәл-ақ алдында тұр, сондықтан Арне Слот шәкірттері енді назарын Еуропаға аударуы әбден мүмкін. Әсіресе жеңуі мүмкін трофейлері азайып бара жатыр: Суперкубокта да Лига кубогында да «Кристал Пэластан» жеңіліп қалды.

Қазір Слот өзінің жаңа командасын біріктіру жолдарын іздеп жатыр. Жазда келген жаңа ойыншыларды «Ливерпульдің» тактикасына бейімдеу қажет. ЧЛ-дағы маңызды матч алдында «Астон Вилланы» жеңуі психологиялық тұрғыда жақсы көмектесуі керек.

Алаң иелері сапында бүгін Алиссон Беккер, Жереми Фримпонг пен Александр Исак алаңға шыға алмайды.

«Реалды» тоқтату қиын болып тұр

«Лос-Бланкос» бұл маусымда небәрі бір рет жеңілді және Эль Класикода «Барселонаны» 2:1 есебімен жеңгеннен кейін 30 ұпаймен Ла Лигада бірінші орында тұр. Хаби Алонсоның «Реалдағы» бастамасы тамаша болып тұр.

Мадридтік команда қазір қатарынан алты матчта жеңіп келе жатыр. Чемпиондар лигасындағы үш матчта да жеңіске жеткен бес ұжымның бірі. «Марсель», «Қайрат» пен «Ювентусқа» қарсы сенімді көрінді. Ал өткен демалыста чемпионатта «Валенсияны» 4:0 есебімен тас-талқан етті.

«Патша клубының» қорғанысы да қателесуді сирейтті. Соңғы алты матчта команда екі гол ғана жіберді. Чемпиондар лигасы басталар сәтте «Реал» фавориттер қатарында болмаған, қазір турнирде топ жару мүмкіндігі жоғарылады.  

Трент «Энфилдке» оралады

Трент Александер-Арнольд «Реалдың» негізгі құрамына кіруге үмітті. Ол өзінің туған клубына, өз жанкүйерлерінің алдында «Энфилдте» ойнасам дейді.

Александер-Арнольд «Реалдың» «Марсельге» қарсы матчында тізе асты сіңірін жарақаттап алған еді, содан кейін бір ай алаңнан тыс қалып, енді қайтадан бабына еніп жатыр.

27 жастағы қорғаушының бұрынғы клубына қарсы негізгі құрамнан орын алу мүмкіндігі артты, себебі өткен аптада Дани Карвахаль тізе операциясынан кейін қатардан шыққан еді.

Алайда Александер-Арнольд толық айыққаннан кейін әлі бірде-бір ойынға қатысқан жоқ - ол «Барселона» мен «Валенсияға» қарсы ойындарда тек қосалқы құрамда отырды. Қазір оның позициясында Федерико Вальверде бәсекелес болып тұр.

Виртц бұрынғы бапкерімен жүздеседі

Екі маусым бұрын бүкіл әлемді шулатқан «Байердің» екі қаһарманы бар еді – бас бапкер Хаби Алонсо мен шабуылдағы көшбасшы Флориан Виртц. Бүгін екеуі бір-біріне қарсы шығады. Виртцтің әзірше «Ливерпульде» жолы болмай жүр. Бірақ алаң жиегінде Алонсо тұрса ойыны өзгеруі мүмкін: неміс футболшысы Хаби Алонсоның жаттықтыруымен 119 матчқа қатысып, 38 гол мен 43 нәтижелі пастың авторы атанған.

«Оған бейімделу қажет, бірақ ол ерекше ойыншы. Мінезі бар, бәсекеге қабілетті... Қазір менің осында отырғанымның бір себебі де Фло шығар. Сондықтан оған алғысым шексіз. Ол өз шеберлігі мен деңгейін көрсететініне сенімдімін. Тек ертең емес көрсетпесін деп үміттенемін», - деді Алонсо өзінің бұрынғы ойыншысы жайында.

Алаңдағы басты жұлдыз Мбаппе болады

«Реалға» Алонсоның келуі Килиан Мбаппенің әлеуетін толық ашты: француз шабуылшысы барлық турнирде де тамаша ойын көрсетіп, гол соғып жүр.

Мбаппе Чемпиондар лигасындағы үш матчта бес гол соқты және Ла Лигада да керемет бабында. Испания чемпионатының 11 матчында 13 гол соқты.

Жылдам шабуылшы Чемпиондар лигасындағы үш ойында 23 соққы жасағанын ескерсек, ол «Энфилдте» де қанжығасын майлауға тырысады.

Былтыр да қарашада кездесіп еді

Былтыр дәл осы «Энфилдте» «Ливерпуль» мен «Реал Мадрид» жолыққан. Сол кезде «Ливерпуль» мүмкіндік қалдырмай, 5-турда 2:0 есебімен жеңген еді. Алексис Макаллистер мен Коди Гакпо қанжығасын майлап, Мбаппе мен Мохамед Салах пенальтиден гол соға алмаған.

Сөйтіп, «Ливерпуль» «Реалға» қарсы сегіз матчқа созылған жеңіссіз сериясын үзген болатын. Бірақ бұл жолы «Энфилдке» мүлдем басқа «Реал» келеді. «Ливерпульде» ойнаған Хаби Алонсо, АПЛ-да өнер көрсеткен Дин Хейсен, «Манчестер Юнайтедтен» шыққан Альваро Каррерас.

Ал «Ливерпуль» сапында биылға дейін Испанияда ойнаған қақпашы Георгий Мамардашвили бар. Мохамед Салах үшін де «Реал» ерекше қарсылас. Мадридтіктерге қарсы оныншы матчын өткізеді. Бұған дейін екі гол соққан болатын.

Бүгін енді командалар Чемпиондар лигасы аясында 12-матчын өткізеді. Әзірше алда «Реал».

Есет Төлеш

Есет Төлеш

InstagramInstagram