15.09.2025 15:27

Сырт алаңдағы матч билеті қанша тұрады?

15.09.2025 15:27

19 қыркүйек күні «Қайрат» Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінде Португалияның «Спортингіне» қарсы ойнайды. Лиссабондағы матч «Жосе Алваладе» стадионында өтеді. Аренаға 50 мың жанкүйер сыяды. Кездесудің ең арзан билеті 21 600 теңге тұрады.

«Спортинг» пен «Қайрат» арасындағы кездесу билеті әлдеқашан шыққан. Еуропада жеребе тартылған күннің ертесі билет туралы толық ақпарат аласыз. Мысалы, "Спортингтің" ресми сайтындағы ең төмен баға 34 еуро (21 600тг) болса, қымбаты 88 еуро (55 900 тг) тұрады. Әрине, бұл - бірінші санаттағы билет, ал алдыңғы баға жетінші санаттағы билетке қатысты. Яғни, португал клубы билет құнын жеті санат бойынша бекітеді.

Аталған жерде түрлі алыпсатар сайт та бар. Олар да әртүрлі бағамен билет сатады. Мысалы, ticombo.com сайтында ең арзан билет – 81 500 теңге болса, ең қымбаты 536 мыңға бағаланған.

700 мың теңгеге ұшаққа билет алдым

Танымал блогер Артұр Асқарұлы екі жылға виза жасатып, «Қайраттың»  ЧЛ-дің жалпы кезеңіндегі сырт алаң барлық ойынына баруға шешім қабылдаған.

«Қайраттың» сыртқы алаңдағы төрт матчына барамын деп шештім. Ең алдымен, «Спортингпен» ойынға барамын. Үш транзиті бар ұшақ билетін 700 мың теңгеге алдым. Иә, бір ғана транзиті бар билет шықты, бірақ бағасы 2,5 млн теңге екен. Оны кез келгеннің қалтасы көтермейді. Сырт алаңдағы матч жанкүйер үшін біршама шығын. Қонақ-үй, барыс-келіс бар, қыдыруға да ақша керек», – деді блогер.

«Интер» мен «Қайрат» кездесуіне барамын

Спорт журналисі әрі жиһанкез Руслан Меделбек жеребе тартылған соң, бірден «Қайрат» пен «Интер» матчына билет сатып алған. Ол бұдан бұрын ұлттық құраманы, «Астана» клубын қолдауға барған.

«Еуропада тұрған соң, Қазақстанға барып-келгеннен гөрі, Миланға бір сағатта ұшып барған ыңғайлы. Оның үстіне Еуропадағы ойындарға билет алу аса қатты қиын емес. Өйткені стадионы үлкен, билет көп. Жеребе тартылып, дата белгілі болған соң, алыпсатар сайттар билет шығара бастады. Прагада тұратын достарыммен бірге сондай сайттан билет алдық. Жалпы, билеттің құны шамамен 60-70 мың теңге болды. Ал барып қайту ұшақ билеті 70-80 еуро (50 759 теңге – ред.) маңайы. Арзан болған соң, орайы туып тұрған соң аталған ойынға барамыз деп шештік. Қазақ клубтары Еуропаға келе қалса, міндетті түрде барамын. Сонау жылы «Астана» клубы Чехнияға келіп, «Плезеньге» қарсы матч өткізді.  Барып, жанкүйер болып қайттым. Ұлттық құраманың Словениямен, Австриямен ойынына барғанмын. «Қайраттың» ЧЛ-дің жалпы кезеңіне өткеніне қуаныштымын. Тарихи сәтке куә болу үшін Миланға аттанбақпын», – деді журналист.

«Милан» мен «Қайрат» матчы 5 қараша күні «Сан-Сиро» стадионында өтеді. Билет құны ticombo.com сайтында 29 186 – 635 124 теңге аралғында көрсетілген. Одан бөлек, алматылық клуб 26 қарашада «Копенгагенге», 26 қарашада «Брюггегемен» кездесу өткізеді.

Айзат Айдарқызы

Айзат Айдарқызы

InstagramInstagram