09.09.2025 18:59
Қобылданды батыр стадионында Қазақстан U21 – Англия U21 арасындағы кездесу өтті
09.09.2025 18:59
Қазақстан жастар құрамасы U21 Англияға қарсы ойынын Ақтөбе қаласында өткізді. ҚФФ мәлімдемесінде бұл қаланы арнайы таңдағанын, мұнда футбол атмосферасы сезіліп тұратын атап өтті. Дегендей-ақ матч кезінде 13 сектордағы перфоманс көз жауын алды
8 қыркүйекте Қобылданды батыр атындағы орталық стадионда Қазақстан U21 – Англия U21 құрамасы арасында кездесу өтті. Еуро-2027 іріктеу кезеңі аясындағы матч Англияның (2:0) пайдасына шешілді. Сөйтіп, жастар құрамасы D тобында үш ұпаймен бесінші орында тұр. Бұдан бұрын біздің жігіттер Андорраны 1:0 есебімен жеңген-ді.
13 сектор жасаған перфоманс Англияның жастар құрамасына қарсы кездесудің көркін кіргізді. Матч басталар тұста әнұран ырғағымен жанкүйерлер «Qazaq elim jasai bersin» перфомансын жайды. Көк тудағы күнді бейнелеп, артынша қыран көкке самғағанын бейнелейді. Бұл да бір жастарға үндеу деп түсіндік. Қазақ футболының ертеңі жастардың қолына екені, әрбірі өрмелеп шығып күн болып, қырандай самғауы керегін нұсқағандай.
Сондай әсерлі көрініс әлеуметтік желіде кеңінен тарады. Көпшілік «Ақтөбе» клубының жанкүйерлеріне риза екенін жазып, осындай плакатты қалай жасайтынына қайран қалды. Өз кезегінде ҚФФ тарапы да клуб пен жанкүйерлеріне алғыс білдірді.