16.11.2025 13:09
«Қаһарман жасөспірім мен алып голкипер». Еуропалық басылымдар не жазып жатыр?
16.11.2025 13:09
Қазақстан құрамасы «Астана Аренада» Бельгиямен кездесіп, сенсация жасады. Жеңсе әлем чемпионатына тікелей шығайын деп тұрған бельгиялықтардың мерекесін бұзды. Дәлірек айтсақ, мерекесін кейінге қалдырды. «Соққы және гол» сайты осы матч жайында еуропалық басылымдардың материалдарына шолу жасады.
ФИФА басты бетке Қазақстан құрамасын қойды. ФИФА ресми сайтында өз ойын күніне қорытынды мақала шығып тұрады. Кешегі ойындар жайлы мақаласына «Австрия, Испания мен Швейцарияға іріктеуден өтуге жақын, Бельгия қиындықтарға тап болды» деп тақырып қойған. Сонымен қатар, мақаланың басты суретіне Қазақстан құрамасының суретін таңдапты.
«17 жастағы жарқырап келе жатқан жұлдыз Дастан Сәтпаев құрамадағы алғашқы голын соқты. Ол бельгиялықтардың айып алаңына сенімді кіріп, Матц Селстің жақын бұрышын дәл көздеді», - деп жазылған ФИФА сайтында.

Ал Бельгия футбол қауымдастығы өз сайтында Ғалымжан Кенжебекті ерекше атап өткен.
«Қазақстан есеп ашып алғаннан кейін қан иісін сезіп, қауіпті ойнай түсті. Кенжебек Бельгия қорғанысын сәт сайын мазалады. Бір сәтте Селс тамаша сейв жасады, кейін ол Де Винтерді алдап өтіп, тағы да соққы жасады. «Қызыл сойқандардың» қорғанысы қатты қысым астында қалды», - деп жазылған сайтта.
The Guardian басылымы Қазақстан құрамасының қақпашысы Темірлан Анарбековке тоқталған. Анарбековтің қаһармандығы Бельгияны жеңістен қаққанын жазған.

Танымал beIN Sports та Темірлан Анарбековті мақтаған. Матч қорытындысын «Анарбеков Бельгияның ӘЧ-ге шығуын кешіктірді» деп бастаған. Онда Темірланның құтқарған эпизодтары, Бельгияның 20 соққы жасап, 2,5 xG-мен жеңе алмағаны жазылған.
Сонымен қатар, beIN Sports басылымы матчтан кейін Жереми Докуден пікір алған. «Кевин, Ромелу, Тибо... егер Қазақстанды жеңуіміз үшін олар қажет болса, әлем чемпионатына баруымыздың керегі жоқ», - деді ол.
Малайзиялық беделді MalayMail порталы өз мақаласын «Teen hero and goalkeeper giant» деп атаған. Қаһарман жасөспірім мен алып голкипер деп Дастан Сәтпаев пен Темірлан Анарбековке тоқталыпты.
Ал бельгиялық басылымдар, әрине, бірінші кезекте өз құрамасын сынға алып жатыр. HLN порталы бұл матчты «Қазақстандағы масқара» деп атаған.
«Қызыл сойқандар» әлем чемпионатына шығуға дайын болмағандай. Астанадағы жасанды алаңда өткен матчты нашар, өте нашар бастады. Сәтпаев Де Винтерден өтіп гол соқты. Селс бұл жерде жақсырақ ойнай алар еді. Ал шабуыл шебі орташа деңгейде өнер көрсетті», - деп жазды басылым.
HLN сарапшылары Бельгияның ұпай жоғалтуына Теате кінәлі деп санайды. Сарапшы Марк Дегриз былай дейді: «Оның нашар пасы есепті 1:0 қылды. Оның мейірімділігі осы нәтижеге алып келді. Матчты бұлай бастауға болмайды. Бұл бүкіл қорғанысқа қатысты әңгіме».
Француз тілінде жазатын бельгиялық Walfoot басылымы да өз құрамасының ойынына наразы.
«Астананың -8 градус ауа райында «қызыл сойқандар» он минут ішінде Қазақстаннан гол өткізіп алды. Және бұл әділетті болды, себебі 8-минутта Селс Ғалымжан Кенжебектің соққысынан кейін ғаламат сейв жасады. Артур Теате бабында емес, қате пас берді. Сол кезде «Челсиге» ауысқан, Брюссельге келгенде де керемет ойнаған вундеркинд Дастан Сәтпаев гол соғып кетті», - деп жазды олар.

RTS агенттігі матч жайында қысқаша ғана ақпарат берген. Тек нәтижесін ұсынды. Бірақ олар елорда атауы өзгергенінен бейхабар сыңайлы.

Осылайша Қазақстан құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеуін сегіз ұпаймен 4-орында аяқтады. Ал Бельгия құрамасы 18 қарашада өз алаңында Лихтенштейнді қабылдайды, сол ойында жеңсе, тікелей әлем чемпионатына шығады.