12.09.2025 20:01

Әлемдегі үлкен клубтарды кімдер басқарады?

12.09.2025 20:01

Таяуда ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев футбол клубтарын жекешелендіру керегін айтқан еді. Бүгінде отандық басылымдардың мәліметі бойынша, «Қызылжар», «Шахтер», «Жеңіс» пен «Қайсар» жеке кәсіпкерлердің не компаниялардың қоластына өтеді. Осы тұста шетелдік клубтар кімнің қарамағында екенін жазуды жөн көрдік.

Үлкен клубтардың қожайындарын іздесеңіз, ішінде мемлекеттен бастап ірі кәсіпкерлерге дейін табасыз.

Таяу Шығыстағы екі ел бірнеше клубтың қожайыны болып отыр. Сауд Арабиясының топ-4 клубы мемлекеттің қарамағында. «Әл-Наср», «Әл-Хиләл», «Әл-Иттихад» пен «Әл-Ахли» клубтарына Сауд Арабиясының Мемлекеттік инвестициялық қоры иелік етеді. Бұл қордың активі – 941 миллиард доллар. Әлемдегі ең үлкен қорлардың бірі саналады және активтің 60 пайызы өз елінде пайдаланылады. Шетелдік жобалардан атақтысы – 2021 жылы англиялық «Ньюкаслды» сатып алуы.

Қатар мемлекеті еуропалық екі клубқа иелік етеді. Ең атақты жобасы – франциялық ПСЖ. Мемлекетке тиесілі Qatar Sports Investments – әлемдегі ең үлкен инвестициялық ұйымдардың бірі. Басшысы – бұрынғы теннисші Нассер Әл-Хелаифи. Бұл ұйым спорт, демалыс және ойын-сауық саласына инвестиция құяды. 2022 жылы португалиялық «Браганың» 30 пайызын сатып алды.

Жоғарыдағы суреттен бірнеше футбол клубына иелік ететін кәсіпкерлерді көре аласыздар. Мысалы, Дэвид Блэтцер алты клубтың акционері саналады – англиялық «Кристал Пэлас», португалиялық «Эшторил», испаниялық «Алькоркон», бельгиялық «Беверен», германиялық «Аусбург», нидерландтық «Адо Ден Хааг», даниялық «Бреннбю».

Дәл қазір кәсіпкерлерден ең атақтысы Тодд Боули шығар. Америкалық бизнесмен 2022 жылы «Челсидің» төрағасы атанған, одан бөлек франциялық «Страсбур» қожайындарының бірі.

Одан бөлек, отбасы болып клубтарды басқаратындар бар. Мысалы, Кронкелер отбасы - «Арсенал» мен «Колорадо Рэпидс» қожайыны. Ал италиялық Де Лоуренстер отбасы италиялық «Наполи» мен «Бари» клубтарын басқарады.

Бірнеше клубтан үлкен династия құрған қаржылық топтар да бар. Бірден ойға түсетіні – City Football Group. Бұл Манчестер қаласында құрылған жеке компания. Акциясының басым бөлігі БАӘ-нің жеке инвестициялық қорына тиесілі. City Football Group әлемнің түкпір-түкпірінен 12 клубты басқарады. Ішінде Англия, Испаниядан бастап Үндістан, Аустралия, АҚШ, Уругвай елдерінің клубтары да бар. Ал ең атақтысы, әрине – «Манчестер Сити».

Сонымен қатар, австриялық Red Bull компаниясының алты клубы бар. Германия, Австрия, АҚШ, Бразилияда бұл конгломератқа тиесілі клубтар ойнап жүр. Былтыр компания «Париж» ФК акциясының он пайызын сатып алды.

«Манчестер Юнайтед», «Ницца» және «Лозанна-Спорт» клубтары ұлыбританиялық INEOS компаниясына тиесілі.

Біздің графикадан байқасаңыздар, АҚШ-тың өзінде футбол нөмірі бірінші спорт болмаса да, америкалық көп компания Еуропадағы клубтарға иелік етеді. Бұл - футбол клубтарына иелік кәсіпкер мен ұйымдардың бірі сыпырасы.

Есет Төлеш

Есет Төлеш

InstagramInstagram