27.10.2025 17:25
30 мамырда тағы ойнаса... «Эль-класико» жайында ой
27.10.2025 17:25
«Соққы және гол» сарапшысы Есет Төлеш кеше өткен эль-класикода жұмыс істеді. Назарларыңызға комментатордың жұмысына қатысты ойын ұсынамыз.

Сенбі-жексенбіде қандай матчтарда жұмыс істейтініміз бірнеше күн бұрын белгілі болады. Әдетте эль-класико жақындағанда комментаторлар арасында матчты кім алады екен деген сұрақтар көбейеді. Ла Лигада эль-класико жылына екі рет қана өтеді. Ұзақ күттіріп келетін мұндай футбол мерекесінің бір бөлігі болу – арман. Бірақ мұнда жауапкершілік те басқа, себебі сені дүйім ел тамашалайды.
Осы маусымдағы алғашқы эль-класико әріптесім Арқалық Қуанған екеуімізге бұйырыпты. «Реал Мадрид» пен «Барселона» текетіресін мен екінші рет, Арқалық алғаш рет жүргізеді.
Бірінші рет эль-класикода 2024 жылы сәуірде жұмыс істедім. «Реал Мадрид» 3:2 есебімен жеңіске жеткен. Джуд Беллингем 91-минутта жеңіс голын соғатын матч.
Міне, енді араға 1,5 жыл салып тағы да эль-класико кезінде микрофон алдындамын. Әрине, «Реал Мадрид» пен «Барселона» жайында түн ішінде оятып алып сұрақ қойса да, жауап беруге дайынбыз. Бұл клубтарда ақпарат ағыны өте көп. Оның үстіне «Барсаның» оның алдында «Севилья» мен «Жиронаға» қарсы матчтарында жұмыс істедім. Дегенмен, әдеттегіден де көбірек дайындық керек.
Екі клубтың ресми сайттарын, Marca, Mundo Deportivo-ны, Opta статистикаларын және басқа да спорт порталдарын бір ақтарып шықтым. Луиш Фигу Мадридке келер деп оның да сөздерін түртіп алдым, болжамы – «Реал Мадрид» 3:1 есебімен жеңеді деген.
Бірақ ойын жылдамдығы жоғары болған соң көп статистика, ақпарат айтылмай қалды. Бас қазы Сесар Сото Градоның эль-класикодағы бұрынғы жұмысын, жанжалдарын айтып үлгермедік. Винисиус, Маркус Рэшфорд, Ламин Ямаль, Килиан Мбаппе жайында біраз қызық айтылмады.

Себебі футболшылар майданға шыққандай болды. Бір-бірін қырып жояйын деп жүр. Қарқын өте жоғары, шабуыл толастамай жатыр. Ойын деңгейі мен күткеннен де жоғары болды.
Матч соңында футболшылардың жаппай жанжалын да сағынып қалыппын. Иә, футболда ондайға жол бермеген дұрыс. Бірақ, эль-класико – жәй ғана футбол матчынан жоғары дүние. 120 жылға созылған тарихында әлеуметтік-саяси реңі көп текетірес. «Барселона» - Каталония тәуелсіздігі үшін күрестің айнасы, «Реал» - ел астанасы Мадридтен, билік жүйесінен.
Бірақ бұл жолғы жаппай тәртіпсіздікке 18 жастағы футболшы себеп болды. Ламин Ямаль әбден отқа май құйды, медиалига подкастында айтқан сөзін бүкіл басылым жұлып әкетті. Қаптаған сары қағаз, қызыл қағаз... Эль-класикосы стилі. Футболшылар жеке брендін жасап, артық сөз айтпай, эмоция шығармайтын дәуір басталғанда осындай қақтығыстар керек-ақ. Футболшылар да адам екенін еске түсіресің. Рамос пен Пикені ойлайсың. Сол эмоцияны қайтарды.

Ойыннан кейін, әрине, бәрі енді басталғанын түсінесің. Осы маусымда тағы бірнеше эль-класико көруіміз мүмкін. Мамырда өтетін лига матчы, оған дейін Суперкубок финалында жолығуы мүмкін. Чемпиондар лигасында да кездесіп қалуы ғажап емес. 30 мамырда Будапештте ойнап қалса не болады? Чемпиондар лигасының финалында – эль-класико! Әдемі естіледі, тарихта мұндай бұрын болмаған.
Өткен маусымда «Барселона» қатарынан төрт рет жеңсе, оның алдындағы маусымда «Реал» үш эль-класиконы да өз пайдасына жазған. Ал осы маусымда алма-кезек жеңістер, тең деңгейлі ойындар көретін сияқтымыз.